Жасыл экономикаға бет бұрған Жамбыл облысында жалпы қуаты 2 ГВт құрайтын екі жел электр стансасы салынады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, өңірде энергия тиімділігін арттыру бойынша алты бағытта жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі кезде жалпы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 ЖЭК жұмыс істеп тұр. Оның алтауы су электр стансасы болса, оны жел және алтауы күн электр стансасы екенін айта кеткен жөн.
«Өткен жылы Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» жел электр стансасы іске қосылса, Жамбыл ауданында орналасқан «AEC ASA» күн электр стансасының мүмкіндігін қосымша 20 МВт арттыру бойынша тиісті жұмыс жүргізілді. Алдағы уақытта жалпы қуаты 2 ГВт құрайтын екі ірі жобаны іске асыруды көздеп отырмыз», дейді Қанатбек Мәдібек.
Облыс әкімінің орынбасары келтірген дерекке жүгінсек, БАӘ-нің Masdar компаниясы Сарысу және Талас аудандарында қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салмақ. Бұл жобаның құны 742,0 млрд теңгеге тең екен. Жел электр станциясы мен жобалау-іздестіру жұмыстарына 44 мың гектар жер учаскесі берілген. Компания құрылыс жұмыстарын 2026 жылы бастап, 2029 жылы іске қосуды көздеп отыр.
Бұдан бөлек, «Total Eren» ЖШС Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылысын жүргізеді. Жобаға 1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазіргі таңда серіктестікке 52 мың гектар жер учаскесі бөлінген. ЖЭК стансасы 2028 жылы пайдалануға берілмек.
Жамбыл облысы