Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған құқықтық негізді терең жаңғыртуды көздейтін заңнамалық бастамалардың кешені әзірленді. Ұсынылған шаралар білім беру мен тұрғын үй саясаты, әлеуметтік қорғау, көлік және мәдениет сияқты қоғамдық өмірдің негізгі салаларын қамтиды. Бұл өзгерістердің әрқайсысы – инклюзивті болашаққа жасалған қадам. Мұнда әрбір азамат өзін маңызды әрі қоғамның бір бөлігі ретінде сезінеді, ал қоғамдық өмірге қатысу – ерекше жағдай емес, заңды құқық ретінде танылады.
Ымдау тілі – қоғамның толыққанды дауысы
Маңызды әрі тарихи қадамдардың бірі ретінде ымдау тілін толыққанды лингвистикалық жүйе ретінде тану ұсынылып отыр. Бұл тек формалды өзгеріс емес – бұл теңдік пен құрметтің нақты белгісі. Жаңа норма ымдау тілін білім беру, денсаулық сақтау, сот жүйесі және басқа да салаларда ресми түрде қолдануға құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл – есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға қоғамдық өмірге толыққанды қатысуға мүмкіндік береді. Ымдау тілі қосалқы құрал ретінде емес, ойды, сезімді және құқықты білдірудің тең мүмкіндігі бар тәсілі ретінде мойындалады, бұл шынайы инклюзияға жол ашады.
Шектеусіз таңдау: өтемақы механизмі – тең қолжетімділік жолы
Заң жобаларында мүгедектігі бар адамдардың тауарлар мен қызметтерді тұтыну саласында мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше мән берілген. Әлеуметтік кодекске ұсынылып отырған түзетулер шеңберінде сатып алынған тауарлар мен қызметтер үшін жұмсалған шығындарды өтеу тетігін енгізу көзделеді. Бұл шешім тек қаржылық жүктемені жеңілдетіп қана қоймай, бюрократиялық кедергілерді жойып, әр адамға өзінің нақты қажеттілігіне сай таңдау жасау мүмкіндігін береді. Өтемақы тетігі сапалы әрі қолжетімді тауарларға жол ашады, күнделікті өмірді жайлы етіп, таңдау еркін әрі саналы болуына мүмкіндік береді.
Нақты қажеттіліктерге сай тұрғын үй
Тұрғын үй заңнамасына да елеулі өзгерістер енгізу ұсынылуда. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда азаматтардың әлеуметтік тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруды көздейтін түзетулер енгізіледі. Маңызды қадамдардың бірі – құрылыс компанияларына жаңа тұрғын үй кешендерінен әлеуметтік тұрғын үй үшін пәтерлер бөлу міндетін жүктеу. Бұл әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй алу кезегін қысқартуға және тұрғын үйдің қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс компанияларына арналған мемлекеттік жеңілдіктер бұл үдерісті әділ әрі тиімді етіп, қолжетімді тұрғын үй объектілерінің тұрақты ағымын қамтамасыз етеді.
Зейнетақы және қамқорлық: Ерекше жағдайларды ескерген әлеуметтік қолдау
Зейнетақы заңнамасына енгізілетін түзетулердің бірі – мүгедектігі бар азаматтар үшін 53 жастан бастап зейнетке шығу құқығын белгілеу. Сонымен қатар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға қосымша жеңілдіктер қарастырылып отыр. Бұл – күнделікті қиындықтарға тап болып, ерекше қамқорлықты қажет ететін отбасылар үшін айтарлықтай қолдау. Бұл шаралар әлеуметтік жауапкершілік пен мемлекеттің ерекше жағдайда өмір сүретін азаматтарға деген қамқорлығын айқын көрсетеді.
Инклюзивті көлік жүйесі
Көлік қозғалысы саласындағы заңнамалық өзгерістердің қатарында «арнайы басқару жүйесі бар автокөлік» ұғымын енгізу бар. Бұл – мүгедектігі бар адамдарға арналған көлік құралдарын нақты айқындауға мүмкіндік береді. Мұндай көліктер міндетті түрде тіркеліп, арнайы таңбалармен белгіленуі тиіс. Жол қозғалысына қатысушылар үшін аталған көліктерге арналған қауіпсіздік шараларын енгізу тек қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарына құрметпен қарауды да білдіреді.
Қолжетімді өнер – кедергісіз орта
Мәдениет саласындағы өзгерістер мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін мәдени іс-шараларға қолжетімділікті арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, театр қойылымдары мен басқа да мәдени шараларда ымдау тілін және субтитрлерді қолдану жоспарлануда. Бұл есту қабілеті бұзылған әрбір адамға елдің мәдени өміріне белсенді қатысуға, эстетикалық және зияткерлік ләззат алуға тең мүмкіндік береді.
Қорытынды
Ұсынылып отырған бастамалар – бұл жай ғана техникалық түзетулер емес, бұл – әр адамға тең құқық пен мүмкіндік беретін инклюзивті қоғам құруға бағытталған саналы қадам. Бұл өзгерістер заңнамалық деңгейде бекітіліп, мүгедектігі бар адамдардың құқықтары құрметтелетін және бағаланатын қоғамның негізін қалайды. Парламентте алдағы уақытта өтетін түзетулерді талқылау – осы идеяларды іске асырудағы маңызды кезеңі. Бұл – әр жүрекке үміт ұялатар, әділет пен теңдікті ту еткен жаңа дәуірдің бастауы, мұнда әр дауыс – қоғамның ажырамас әуені, әр жан – осы әуеннің маңызды үні болмақ.
Еңлік БАЙНАЗАРОВА, Әлеуметтік жобалар және қоғамдық бастамалар орталығының сарапшысы