Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің қатысуымен «Қазақстан халқы Ассамблеясының» ХХХІV сессиясы өтті. Сессияда ҚХА Республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Назипа Шанай Аналар кеңесі Ассамблеяның ерекше құрылымдық бірлігі екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Назипа Шанайдың айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі қатарында 1700-ден астам құрылым, 16 мыңнан астам белсенді ана бар. Ең үлкені - 80, ал ең жасы – 25 жаста.
«Ассамблея, 1995 жылы - тағдыры ортақ, мақсаты бір азаматтардан құрылған қоғамдық ұйым. Ал, бүгін Ассамблея – тарихи сананы қалыптастырушы іргелі институт, мемлекеттің өрелі істерін іске асырушы ірі қоғамдық ұйым, патриоттар мектебі.
Аналар кеңесі – сол Ассамблеяның ерекше құрылымдық бірлігі. Ал, Қазақстандағы әр ананың міндеті – еліне адал азамат тәрбиелеу», дейді Аналар кеңесінің төрағасы.
Төрағаның айтуынша, бұл бағыттағы жұмысты тек қана білім мекемелерінің мойнына іліп қоюға болмайды.
«Мектеп – ата-ана – оқушы» үштігінің бірлігі ғана оң нәтиже береді. Осы бағытты нығайту мақсатында Аналар кеңесінің біріктіруші рөлі орасан. «Қазақстан балалары» бағдарламасын әзірлеу, түсіндіру және іске асыру жұмысына Аналар кеңесі белсенді қатысуға дайын. Жаңа бағдарлама - бала дауысын еститін, сол дауысқа құлақ салатын қоғамдық сананы қалыптастырады деп сенеміз», деді Н. Шанай.
Бүгінгі таңда Аналар кеңесі орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың сенімді серіктесіне айналды.
«Өткен жылы Фармакология комитетімен бірлесіп «Вейпке тыйым» жобасын жүргіздік. Қоғамға түсіндіру жұмысының арқасында және ҚР Президентінің қолдауымен толығымен тыйым салынған заң қабылданды. Бұл заң - біздің ұлт ретінде жойылып кетпеуіміздің алдын-алып отыр. Сол үшін, сізге - барша Қазақстан аналары атынан рахмет айтамын.
2023 жылдан бері біздің кәсіби психологтарымыз әскери студенттер мен жауынгерлер арасында құмар ойындарына тәуелділіктен құтылу, суицидтің алдын-алу, күйзелістен шығу жолдары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отыр», деді Аналар кеңесінің төрағасы.
Оның айтуынша, Президенттің қоғамдық 5 кеселге қарсы күрес жүргізу туралы тапсырмасы «Салауатты сана» жобасы арқылы орындалып жатыр.
«Аналардың мақсаты – сол кеселдердің алдын-алу. Ол үшін, ең алдымен, отбасы институтын нығайту қажет. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер, балалар мен әйелдерге қатысты қылмыстардың бәсеңдеуіне ықпал етті. Дегенмен, зорлықсыз қоғам құру үшін - терең парасатты әке, жоғары мәдениетті ана, ұлттық санасы қалыптасқан бала керек. Сондықтан, біз, дәстүрлі және отбасылық құндылықтарды сақтау, рухани-адамгершілік тәрбие беруді жұмысымыздың негізгі бағыттарына айналдырдық», дейді ол.
Ассамблея аналары «Азамат тәрбиелеген отбасы», «Алтын шаңырақ», «Күміс кереге» деген номинациялармен үлгілі отбасыларын марапаттау, «Ел анасы» құрметті атағын беру, «Аялы алақан» алқасын тапсыру арқылы отбасы институтын қолдау шараларын атқарып жүр.
«Мемлекетімізде жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін ұрпақтарымыздың адами болмысынан, өрелі іс-әрекетінен көретін күн алыс емес. Біз, аналар, оған сенімдіміз», дейді Н.Шанай.
Айта кетейік Сессияға ҚР Парламентінің депутаттары, еліміздің барлық өңірлерінен келген Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты.