Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына мерейлі 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, осы уақыт ішінде Ассамблея бейбітшілік пен келісімнің және бірлік пен берекенің шынайы символына айналды. Сондай-ақ этносаралық татулықтың қазақстандық үлгісінің берік негізі ретінде қалыптасты.
Жалпы, Ассамблея консультативтік құрылымнан конституциялық мәртебесі бар негізгі қоғамдық-саяси институттардың біріне дейінгі жолдан өтіп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Сенаттың бес депутатын ҚХА Кеңесінің ұсынысымен тағайындайды. Парламентте «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылғанын да атап өткен жөн. Одан бөлек, Ассамблеяның 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында нәтижелі жұмыс істеп келеді. Мұның бәрі ҚХА-ның жоғары институционалдық мәртебесін айшықтай түседі және институттың қоғамдық келісім бағытындағы мемлекеттік саясатқа қосқан үлесін айқын көрсетеді.
Сессия барысында Мемлекет басшысы Ассамблея мүшелері атқарып келе жатқан күнделікті жұмыс қажырлы әрі жауапты еңбек болса да көбіне назардан тыс қалатынын, алайда оның стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Өткен жылдың өзінде Ассамблея еліміздің барлық өңірінде миллионға жуық адам қатысқан 15 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырды.
Сондай-ақ Президент ҚХА-ның кәсібилік және еңбекқорлық құндылықтарын дәріптеу бағытындағы миссиясына ерекше тоқталды. Сенат пен Мәслихат депутаттарының жұмысшы мамандық өкілдеріне құрмет көрсету аясындағы белсенді рөліне де баса мән берілді. Бұл бастама қоғамда үлкен қолдауға ие болғаны белгілі. Мемлекет басшысы айтқандай, осы игі істі алдағы уақытта жасампаз жұмыс пен еңбек адамдарына деген құрметтің жаңа дәстүріне айналдыруға мол мүмкіндік бар.
Президент Ассамблея жай қоғамдық құрылым емес, мемлекеттіліктің маңызды тіректерінің бірі екенін баса айтты. Осыған байланысты ҚХА-ның 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасын әзірлеу міндеті жүктелді. Жаңа құжатта қоғамды ортақ мұратқа жұмылдыруға, барлық этностық топтың үйлесімді дамуын қамтамасыз етуге, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ этносаралық салада мемлекет пен азаматтық сектордың өзара іс-қимылының тиімді жүйесін құруға арналған қағидаттар көрсетілуге тиіс. Сонымен қатар Мемлекет басшысы этносаралық саясатта қолданыстағы ұлттық және өңірлік бағдарламаларды кешенді талдау, өңірлерде ҚХА-ның рөлін күшейту және толеранттылық пен диалог мәдениетін қалыптастыруға арналған «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейту қажет екенін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық саясат стратегиясын қалыптастыратын және осы аса маңызды саладағы барлық мемлекеттік және қоғамдық қызметке мазмұнды бағыт-бағдар әзірлейтін зияткерлік әрі ұйымдастырушылық штабқа айналуы керек.
Сессия кезінде теңдік пен әділеттің негізгі қағидаттарына да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктері тең. Бұл Әділетті Қазақстан тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі екені анық. Президент популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстау, әрдайым байыпты және жан-жақты зерделенген қадамдарды басшылыққа алып, нақты жағдайға назар аудару керек екенін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанның мәдениеттер мен діндердің жаһандық диалогін ілгерілетудегі рөліне тоқталды. Қазіргі шиеленіскен халықаралық қайшылықтар, өзара сенімнің азаюы және экстремистік пиғылдың артуы әлемнің дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Осындай жағдайда халықтар арасындағы түсіністікті нығайтуды көздейтін жасампаз бастамалардың маңызы арта түседі. Осы орайда Президент Қазақстан 20 жылдан аса уақыттан бері түрлі діндер өкілдерінің ашық диалог алаңы ретінде жаһан жұртына озық үлгі көрсетіп келе жатқанын айтты. Биыл күзде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтетіні белгілі. Бұл – дінаралық және мәдениетаралық диалог пен келісімді халықаралық деңгейде ілгерілетуге ықпал ететін аса маңызды халықаралық оқиға. Мемлекет басшысы рухани дипломатияны дамыту мәселесі де айрықша маңызға ие екенін айтты. Мұндай қадам халықаралық қатынастарда сенімсіздікті еңсеруге және адамгершілік идеяларды ілгерілетуге жол ашады. Сондай-ақ адамзаттың игілігін көздейтін маңызды әрі дұрыс шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Бұл ретте тікелей қарым-қатынас пен өзара іс-қимылға негізделген халықтық дипломатияның әлеуетін де белсенді пайдаланудың берері мол.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы этностық әралуандылық біздің ортақ игілігіміз және стратегиялық артықшылығымыз екеніне тағы да баса мән берді. Бірлік, сенім, құрмет және жауапкершілік – ішкі тұрақтылық пен келісімді нығайтатын, сондай-ақ Қазақстанды жүйелі дамытуға арналған саясат қалыптастыратын мызғымас қағидаттар. Осы басымдықтарды қоғамда берік орнықтыру жолында бәріміз жұдырықтай жұмылуымыз қажет.
Президент отыз жылдық белеспен құттықтай отырып, бірлік пен ынтымақ қана біздің сенімді түрде ілгері жылжуымызға, елдік мүддені қорғауға және қуатты мемлекет құруға жол ашатынын айтты.
Сондықтан Парламент Сенаты Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыруға белсенді қатысады. Сондай-ақ сенаторлар елдегі қоғамдық келісімді нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және Әділетті әрі дамыған Қазақстан құруға қажетті заңнамалық база қалыптастыру жолындағы кешенді жұмысты жалғастыра береді.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Сенат төрағасы