Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи сессиясында Мемлекет басшысы Ассамблеяның 30 жылдық жолын қорытындылап, оның еліміздің табысты дамуындағы стратегиялық рөлін атап өтті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидасын іс жүзінде жүзеге асырған халқымыздың халықаралық бренді, бірегей қоғамдық келісім үлгісінің берік іргетасы болды. Президент бүгін Ассамблеяның қоғамды топтастырудағы және ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөлін толық ашып көрсете отырып, оны мемлекеттігіміздің институционалдық тірегі, «бірлік пен теңдіктің, бейбітшілік пен келісімнің шынайы символы» деп атады. Бұл берілген бағамен барша отандасымыз келіседі деп ойлаймын.
Президент тағы да қоғамымыздың басты қағидаттары мен құндылықтарын айқын атап өтті. Ең алдымен, бұл – ешкімді ұлтына, тіліне немесе дініне қарап кемсітуге жол бермеу. Әрбір этнос өз ана тілін, мәдениеті мен дәстүрлерін еркін дамытуға құқылы. Бұл – Әділетті Қазақстанның негізі. Елімізде баршаға тең мүмкіндік берілген, онда табысты болашақтың кепілі – әр азаматтың жауапкершілігі мен ортақ бірлігі.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы ел ішіндегі келісім мен тыныштықты бұзуға бағытталған арандатушылық әрекет пен жалған ақпарат тарату, конфессияаралық қатынастар мен тіл мәселесін саясиландыруға жол берілмейтіні жөнінде қатаң әрі берік ұстанымын білдірді. Президент еліміздегі тұрақтылықты шайқалтқысы келетін кез келген арандатушылық әрекет, соның ішінде шетелден басқарылатын деструктивті әрекеттер заң аясында қатаң түрде тоқтатылатынын нақты айтты. Заң алдында бәрі тең. Қоғамда тәртіп пен заң үстемдігі қағидаты барлық мемлекеттік орган тарапынан мүлтіксіз орындалады. Бұл ұстаным Парламент депутаттары қабылдайтын заңдардың бәрінде айқын және нақты көрініс табады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жасампаз қызметінің арқасында қазақстандық ұлттың көпэтностылығы сын-қатер емес, мықты бәсекелік артықшылыққа айналды. ҚХА 130-дан аса этностың мәдениеті, тілі, дәстүрі мен руханиятын сақтай отырып, оларды біртұтас, прогрессивті қоғамға біріктіре алды. Осындай мультимәдениеттi әртүрлілік бүкіл халықтың рухани байлығын арттырып, оларды татулықта, төзімділік пен достықта өмір сүруге үйретті. Президент айтқандай, бұл – жай ғана ұран емес, бұл – ел азаматтарының күнделікті өмір салтының мәні.
Мемлекет басшысы бұл саясаттың өмірде қалай іске асырылып жатқанын көрсететін бірқатар қарапайым мысал келтірді. Бұл – ұлттық театрлар, мұражайлар, БАҚ пен мәдени ұйымдардың жұмысы. Ел тұрғындарының Наурыз, Масленица, Сабантой сияқты мерекелерді бірге атап өтуі. Қазақстан азаматтарының түрлі саладағы – еңбек пен қоғамдық өмірдегі үлкен жетістіктері олардың ұлтына немесе діни сеніміне қарамастан жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ жастардың, еріктілердің, медиация құрылымдарының белсенді қызметі де аталып өтті. Мұның барлығы бірігіп, еліміздің ынтымағы мен тұтастығын қамтамасыз ететін тиімді жүйені қалыптастырып отыр.
Бүгін Мемлекет басшысы еліміздегі түрлі этностың дәстүрі, тілі мен әдет-ғұрыптарына деген шынайы құрмет пен Қазақстанның халықаралық аренадағы, әсіресе көрші мемлекеттермен қарым-қатынасындағы ұстанымдары арасында ұқсастық бар екенін атап өтті. Қазіргі геосаяси жағдайларды ескере отырып, Президенттің баяндамасы мен Қазақстанның этносаралық келісім тәжірибесі шетелдік сарапшылар мен элита үшін бұрынғыдан да зор қызығушылық тудыратыны анық деп ойлаймын.
Президент өз сөзінде Ассамблеяны одан әрі дамыту бойынша бірқатар міндет қойды. Бұл – Достық үйлерінің жұмысын күшейту, оларды азаматтар мен шетелдік қонақтарға танымал туристік бағыттар картасына енгізу; мәдени жұмысты жандандыру және театр өнерінің фестивалін өткізу; Ассамблея мүшелерінің «Таза Қазақстан» акциясына қатысуын кеңейту; Жұмысшы мамандықтары жылына арналған іс-шараларды жүзеге асыру. Мұның бәрі – қарапайым және баршаға түсінікті басымдықтар. ҚХА қоғамның дамуына үлес қосатын белсенді құрылым екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Бүгін Мемлекет басшысы «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының жұмысын да жоғары бағалады. Оның құрамына Мәжілістің алты фракциясынан 20 депутат кіреді. Олар Үкіметпен бірлесе отырып, заң шығару жұмыстары арқылы ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.
Президент айтқандай, бейбітшілік пен тұрақтылық – ынтымақ пен дәйекті еңбектің жемісі. Енді көпэтносты ортақ шаңырағымызда келісім мен тәртіпті сақтау үшін мемлекет пен азаматтардың күш-жігерін біріктіруді жалғастыру маңызды. Бұл бағытта депутаттар еліміздің әл-ауқатын шынымен ойлайтын және оның дамуына нақты үлес қосуға ниетті барлық адаммен бірлесе жұмыс істеуге әзір.
Ерлан Қошанов,
Мәжіліс төрағасы