Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөз сөйледі, деп жазады Egemen.kz.
Президент өз сөзінде ұлы тұлғаларды ұлықтау жұмысына тың серпін беру аса маңызды екенін атап өтті.
«Біз зияткерлік мұрамызды мақтан тұтамыз. Әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай сынды ғұламаларымыз соңына сарқылмас рухани қазына қалдырды. Олардың еңбектері әлемдік ақыл-ойдың алтын қорына кіреді. Данышпан бабаларымыздың баға жетпес туындыларын заман талабына сай кәдеге жарата білуіміз керек. Ойшылдарымыз бен ғалымдарымыздың мұрасын терең танып, кеңінен дәріптеп, барынша дамытқан жөн. Ұлы тұлғаларды ұлықтау жұмысына тың серпін беру аса маңызды», деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи тұлғасын еліміздің әрбір аймағында және шетелде де кеңінен дәріптеу қажет екеніне назар аударды.
«Бәріміз әйгілі Қожа Ахмет Ясауиді бірегей ғұлама ғалым әрі өркениеттанушы ретінде еліміздің әрбір аймағында және шетелде де кеңінен дәріптеуіміз керек. Сонымен бірге оның құндылығы аса зор бай мұрасын өзіміз де барлық тұрғыдан жан-жақты зерттеуіміз қажет. Осы өнегелі дәстүр биыл әл-Фараби форумына ұласады. Мұндай тағылымы мол, ғылыми мәні зор басқосулар жыл сайын өткізіліп тұрады», деді Президент.
Президент жиында жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне «Әл-Фараби» ордені енгізілетінін мәлімдеп, қазақстандық ғалымдарды марапаттады. Ал бір топ жас ғалымға пәтер кілттерін табыстады.