Маусым айынан бастап елордада электр энергиясының тарифі 12,5%-ға өсуі мүмкін. Бұл туралы «Астана-РЭК» АҚ басқарма төрағасы Руслан Әбжанов мәлімдеді деп хабарлайды Egemen.kz
Оның айтуынша, компания электр энергиясының шекті бағасын 1 кВт сағат үшін 31,18 теңгеден 35,07 теңгеге дейін көтеру туралы өтінім берген.
Тарифті өсіру туралы шешім электр энергиясын сатып алу және тасымалдау құнының қымбаттауына, KEGOC қызметтері бағасының өсуіне, қуат нарығындағы шығындардың артуына, сондай-ақ сараланған тарифтер мен тариф өсіміне жарияланған мораторий салдарынан туындаған шығындарды өтеу қажеттілігіне байланысты қабылданған.
Сонымен қатар, Әбжановтың айтуынша, тарифке елордадағы электр энергиясын тұтыну көлемінің артуы да әсер еткен.