«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 1 мамырдан бастап көмірсутекті шикізатты өңдеу тарифі төмендетіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жаңа тариф қосылған құн салығын есепке алмағанда, бір тонна үшін 47 мың теңгені құрайды. Бұл бұрынғы тарифтен 7 мың 450 теңгеге арзан. Бұған дейін тариф бір тонна үшін 54 мың 450 теңге болған еді», деп хабарлады зауыттың баспасөз қызметі.
Тарифті төмендетудің қандай тиімділігі бар? Біріншіден, мұндай шешім мұнай өндіруші компаниялардың табысын теңестіру үшін қабылданып отыр. Екіншіден, бұл еліміздегі барлық мұнай өңдеу зауытына мұнай жеткізушілер үшін бірдей жағдай жасауға әрі экономикалық ахуалды теңестіруге ықпал етеді. Үшіншіден, ішкі нарықтағы мұнай өнімдерін одан әрі нығайтуға жол ашады.
«Тарифтің төмендеуі Атырау мұнай өңдеу зауытының кредиттік міндеттемелерін өтеу кестесін оңтайландыру нәтижесінде мүмкін болды. Зауыт тұрақты даму бағытын берік ұстанып, ашықтық форматындағы қызметін жүзеге асырады. Мемлекеттік органдармен, саладағы серіктес компаниялармен тығыз байланыста жұмыс істеуді жалғастыра береді», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.