Ауыл баласы ғаламшарды зерттейтін жасанды интеллект үлгісін шығарды. Ғылымға құштар жас зерттеуші енді осы бағдарламасы арқылы Марстың климатын болжамақшы. Оның бұл жобасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, ғарыштық зерттеулер саласындағы жаңа қадамға айналып отыр.
Абай облысы Аягөз ауданының 10-сынып оқушысы Жақсылық Секенов жасаған бағдарлама «Kaggle» платформасындағы ауа райы мәліметтерін, оның ішінде NASA-ның ғарыштық құралдарынан алынған ашық деректерді қолданады. Машиналық оқыту әдістерінің көмегімен жүйе температурасының өзгеруін анықтап, Марстағы уақыт, орналасқан жер және маусымдарға қарай температураның қалай өзгеретінін болжайды. Жақсылық үш түрлі модельді сынап көрді: сызықтық регрессия, «Random Forest» және «Gradient Boosting». Соңында оның таңдауы ең дәл нәтиже берген «Gradient Boosting» моделіне түсіпті.
Өз жобасы туралы оқушы: «Мен өзге планеталардағы климат қалай жұмыс істейтінін түсінгім келді. Марс ерекше қызықтырды, себебі онда атмосфера жоқтың қасы, ал температура күрт өзгереді. Осындай жағдайларды жасанды интеллект арқылы есептеуге бола ма деген ой мазалады. Негізі бұл идея Марсқа зерттеу жүргізетін ғарыштық құрылғылар туралы деректі фильм көргеннен кейін пайда болды», дейді.
Жақсылық техникалық бөлігін ашық дереккөздер мен оқыту платформаларын, NASA деректерін пайдалана жүріп өз бетінше меңгерген. Кейіпкеріміз болашағын ғарыштық технологиялар саласымен байланыстырғысы келеді. Ол өзге планеталарды зерттеуге, болашақта ғарыштық миссияларға дайындалуға көмектесетін интеллектуалды жүйелер жасауды армандайды.