Есімі елімізге ғана емес, шет жұртқа да танымал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Еуропаның Масарик атындағы алтын медаль иегері Алпысбай Қазғұловтың «Көктөбе көктемі» атты дербес көрмесі өтті.
50 жылға жуық шығармашылығында 8 мыңнан астам картина жазып, бейнелеу өнерінде өнімді еңбек үлгісін көрсетіп келе жатқан суретшінің айтуынша, көрменің негізгі ұйымдастырушылары – балалары мен немерелері. А.Қазғұловтың есімі елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де кеңінен танымал. Туындыларының көпшілігі республиканың орталық және облыстық музейлерінде, шет мемлекеттердегі жеке коллекционерлердің қоржынында сақталған.
Көрменің ашылуына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. «Құрметті Алпысбай Нағыметұлы! Көктөбеде жеке көрмеңіздің ашылуымен құттықтаймын. Сіз ұзақ жыл бойы тынымсыз тер төгіп, ұлт руханиятын дамытуға зор үлес қостыңыз. Жарты ғасырлық суреткерлік жолыңызда сегіз мыңнан астам туындының авторы атанып, қайталанбас қолтаңбаңызды қалыптастырдыңыз. Әлемдік қылқалам шеберлерінің еңбектерін жинап, бейнелеу өнерін дәріптеуге белсене атсалысып келесіз» деген құттықтау хатында.
Көрменің ашылу салтанатында суретшінің жақында жарық көрген жаңа альбомы көпшілікке таныстырылды. Бұл – белгілі қылқалам шеберінің жетінші альбомы. Альбомда А.Қазғұловтың 100-ге жуық картинасы топтастырылған. Жаңа альбомның тұсаукесер рәсімін атқаруға сахнаға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов, Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев шақырылды.
Әлемге әйгілі француз актері Жерар Депардье Алматыға келген сапарының бірінде белгілі кәсіпкер, меценат Ұзақбай Айтжановқа: «Менің сурет өнерінен коллекция жинайтын әуестігім бар еді. Қазақстанның қай суретшісін ұсынар едіңіз, шеберханасын аралап көргім келеді» деп өтініш білдіреді. Ол көп ойланып жатпастан өзінің жастық шағынан бері араласқан жақын досы Алпысбай Қазғұловты атайды. Шеберханаға келген Депардье Қазғұловтың шығармашылығымен танысып, тылсымға тап болғандай, туындыларын тамсана жүріп асықпай тамашалайды. «Өнердің тілі – үнсіз тіл» деген осы, ағылшын тілін білмейтін Алпысбай мен орысшасы да, қазақшасы да жоқ Депардье арада тілмашты керек қылмастан, «шүйіркелесе» кетеді. Таным-түйсік арқылы басқарылады деген рас болса керек, шеберханадағы қызылды-жасылды бояулар әлемінің сиқырына тілі де, түрі де басқа екеуі жіпсіз шырмалып, бейнелеу өнерінің ғажайыбын айтып тауыса алмай, ақыры әйгілі француз саусақтары сәуле себезгілеген қазақ суретшісін қимай, әрең қоштасады...
Алуан түрлі бояулар гаммасын сайысқа түсіргендей, А.Қазғұловтың өзара үйлесуі мүмкін еместей қарама-қарсы контраст түстерді бір кенептің үстінде үндестіріп, алыста қалған дәуір мен бүгінгі өмір сүріп отырған кезең аралығындағы уақыт деген өлшемді сылып тастап, тұтас бір жүйеге бағындыратыны, қараңғы түнекті қақ жарып, арғы жағынан ақ сәулеге оранып Ар, Адалдық, Ақиқат келетінін жырлау – суретшінің өзіне ғана тән даралығы.
А.Қазғұловтың шығармашылығын ұзақ жылдар бойы бақылап келе жатқан адам оның кейінгі уақытта қызыл, сары түстерге басымдық бере бастағанын бірден байқар еді. Жас кезіндегі романтизм мен реализмнің салмақты абстракционизмге, қатпары қалың тарихи тақырыптарға – ұлттық бояуы басым қазақтың тұрмыс-тіршілігі мен дәстүр-салтына, көшпелілер өміріне, мазмұны терең түркі тақырыбына ауысқаны аңғарылмай қалмайды. Әр туындысы бүкіл мәнін ішіне жиған кеңістіктің галографиялық баламасы іспетті, ал кеңістікті танып-білу мүмкін емес. Сағымға ұқсаған шығармаларының тақырып, сюжет ауқымы кең. Оның картиналарындағы аспан, жер, шетсіз-шексіз дала, шылбырдай шұбатылған көш, әйелдер мен ерлер, кездесулер мен қоштасулар – бұл сюжеттер бір кенептен екінші кенепке ауысып, көшіп жүргендей әсер қалдырады. Бірақ әр картинадағы оқиғаның өрбуі өзінше, қозғалысы да бөлек, жалпы ондағы өмір жанды.
А.Қазғұлов шығармашылығының өзге шеберлерге ұқсамайтын осы даралығы туралы пікірін Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов былайша өрбітеді: «Қазғұловтар әулеті – өнері мен шығармашылығы арқылы әлеумет деңгейіне көтерілген азаматтар. Бейнелеу өнері дегеніміз – еркіндік. Алпысбай абстрактілі имрессионизм деген бағытта жұмыс істеп келеді. Бұл бағыттың алғашқы корифейлері болған, содан кейінгі Ерболат Төлепбай, Бексейіт Түлкиевтердің ізін басып, өнерін жаңғыртып келе жатқан дарабоз өнер иесі – Алпысбай Қазғұлов. Көкжиек. Қызыл ала. Бірақ ең ғажабы, суреттегі кейіпкерлер. Бұл нені білдіреді? Алпысбайдың бейнелеу өнерінің қыр-сырына бойлағаны, техникасын меңгергені өз алдына, биік талғам, терең таразы тұрғысынан қамшы салдырмайтынын әр картинасы мойындатады. Кейіпкеріне деген сүйіспеншілігін жарықпен, кинодағы прожектормен түсіргендей етіп көрсетеді. Ең басты қасиеті, Алпысбайдың ұлттық құндылықтардан бауырының ажырамағаны. Алпысбайдың кез келген шығармасынан ұлттық құндылығы, тарихы, ұлттың дәстүр-ғұрпының иісі аңқып тұрады. Алпысбайдың бейнелеу өнеріндегі ең үлкен жетістігі осы деп білемін» деді.
Автордың айтуынша, алдымен түстің шешімін табу маңызды, ал сюжеттер өздігінен пайда болады. Кейбір тақырыптар суретшіні ерекше шабыттандырады, сондықтан оларды циклдарға біріктіреді. Сол себепті де көрмеге қойылған ауқымды туындылар «Көшпенділер», «Көкпар», «Аталарымыз» деген циклдарға топтастырылған.
АЛМАТЫ