Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдық мерейтойы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға, баршамызға ортақ мереке. Ассамблея – бейбітшілік пен татулықтың, бірлік пен келісімнің шынайы рәмізі, достық мекені.
Бүгінде әлемнің көптеген елінде тұрақсыздық, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар орын алып жатыр. Осындай күрделі кезеңде еліміздегі бірлік пен келісімді сақтап, оны одан әрі нығайтып келе жатқан Ассамблея институтының маңызы зор. Бұл ұйым тек басқосулар мен іс-шаралармен шектеліп қалмай, ел ішіндегі түрлі этностардың мәдениетін сақтап, дамытуға, ұрпақ бойына өзара құрмет пен төзімділік сияқты құндылықтарды сіңіруге үлкен үлес қосып отыр.
Адамгершілікке баулу, татулық пен түсіністікке тәрбиелеу – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Оны жүзеге асыруда Ассамблеяның атқарып отырған жұмысы орасан. Түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, ортақ мақсаттарға ұмтылып жатқан елде ғана шынайы тұрақтылық пен өркендеу болады. Сондықтан Ассамблея – еліміздің береке-бірлігінің нақты кепілі.
Мен еліміздегі африкалық этномәдени орталықтың төрағасымын. Біздің ұйым елімізге қызығушылық танытып, осында келіп жатқан шетелдіктерге, сондай-ақ қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ел өкілдеріне қолдау көрсетеді. Біз тегін курстар ұйымдастырып, қазақ тілін үйретеміз. Бұл сабақтар аптасына бір рет өтеді. Оған ағылшын тілділер де, орыстілді азаматтар да қатысып жүр. Біз оларға қазақ тілін өздері жақсы түсінетін тіл арқылы үйретуге тырысамыз. Себебі тілді үйрену – тек білім алу емес, бұл жергілікті халыққа, оның тілі мен мәдениетіне құрмет көрсету.
Біздің бастамамыз – елімізде тұратын әрбір азаматтың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған. Қазақ тілін үйренуге қызығушылықтың артуы – бұл еліміздегі бейбіт өмір мен өзара түсіністіктің нақты көрінісі. Ал мұндай жағдайдың қалыптасуына Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды институттардың ықпалы зор екені сөзсіз.
Жалпы айтқанда, қазақ мәдениеті мен мемлекеттік тілге деген құрмет өзге этностарды біріктіреді. Менің түп-тамырым Нигерияда жатқанымен, Алматыда өстім. Бүгінде қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Ағылшын тілін де білемін, бірақ қазақ тілі де менің ана тілімдей болып кетті. Қазақстанды өзімнің туған үйімдей көремін. Қазақ халқының қонақжайлығы талайларды тәнті етіп жүр. Қысқасы, шетелдіктер үшін елімізде өзін жайлы сезінуге барлық жағдай жасалған. Яғни мұндағы адамдардың ашық-жарқын мінезі мен мейірімділігі мені әрдайым қуантады.
Дэниел ДЖЕЙМС,
«Африкалық мәдени орталық» ҚБ төрағасы, ҚХА мүшесі