• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Тағзым 29 Сәуір, 2025

«Бабалар сөзін» ұрпаққа аманат етті

30 рет
көрсетілді

Әлемге мәшһүр ғұламаның бүкіл саналы ғұмыры халық мұрасын зерделеуге арналды. 

Сейіт Асқарұлы Қасқаба­совтың 25 жасында жазған «Қазақ­тың қиял-ғажайып ер­тегісі» атты кандидаттық диссертациясы қазақ фольклортану ғылымына соны сүрлеу салды. Қазақ халық даналығы әлемдік фольклортану ғылымының ұлы мұхитына С.Қасқабасов салған жаңа арнамен барып құйылды.

Үздіксіз ізденістің нәти­жесінде 1984 жылы «Қазақ­тың халық прозасы» атты әйгілі монографиясы дүниеге келді. Ол туралы берісі Ресейден бас­тап, арысы  АҚШ ғалымдарына дейін пікір білдірді. «Қазақ мифі» жөнінде алғаш рет тың тұжырымдар қорытқан тұңғыш ғалым да С.Асқарұлы еді. Кейін­нен ғалымның «Казахская несказочная проза» атты еңбегі орыс тілінде жарыққа шықты. Осы екі монографиясы үшін С.Қасқабасов 1992 жылы Қа­зақстан Республикасының Мем­лекеттік сыйлығына ие болды.

Ол Алаш арыстарының мұ­расын ақтап, жариялау мен зерттеу туралы тауқыметті ша­руаға да белсенді араласты. Нәти­жесін қазіргі ұрпақ көріп отыр.

Сейіт Асқарұлы 1989 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Жанры казахской народной (несказочной) прозы» атты тақырыпта докторлық диссер­тация қорғады. Кейіннен Ұлт­тық ғылым академиясының ака­­демигі әлемге мәшһүр ғұ­ла­маға, өзі қалыптастырған мек­­тебі бар дана ұстазға айналды.

1992 жылы С.А.Қасқабасов Пре­­зидент Жарлығымен ашыл­ған Министр­лер Кабинеті жа­нындағы Жоғары аттестаттау комис­сиясының (ЖАК) тұң­ғыш төрағасы болып тағайын­далып, ұлт ғылымының бағытын ай­қындады. Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универ­ситетінде шы­ғыс­тану факультеті мен «Еу­ра­­зия» ғылыми зерттеу орта­лы­ғын ашып, басшылық етті.

С.А.Қасқабасов М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып қызмет еткен он жылдың ішінде «Қазақ әдебиеті тари­хының» 10 томдық жаңа басылымын, 5 томдық «Қазақ музыкасының тарихын», 3 томдық «Қазақ өнерінің тарихын», 20 томдық «Әдеби жәдігерлерін», 100 томдық «Бабалар сөзін» жарыққа шығарды. Бұл іргелі зерттеулер – қазақ гуманитарлық ғылымының тәуелсіздік жылдарындағы абыройлы жемісі.

Ғалым «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасын жү­­зеге асыруға еңбек сіңір­ді. Тә­уелсіздік жылдарын­да нәти­желі тиянақ­талған «Бабалар сөзі» 100 томдық басы­лымының ұйым­­дастырушысы да, атқару­шысы да – академик Сейіт Қасқабасов. Бұл — өркениетті деген халықтардың арманына ай­налған тарихи, ғылыми жетістік.

Ғалымның қажырлы еңбе­гінің нәтижелері жыл сайын том-том болып жарық көріп келеді. Олардың қатарында, «Колыбель искусства», «Родники искусства» «Золотая жила», «Жаназық», «Ел­­зерде», «Ойөріс» сияқты аты да, заты да кесек іргелі зерт­теу­лерді атауға болады.

Екі тілді еркін меңгерген Сейіт Асқарұлы қазақ фоль­клорының біраз үлгісін орыс тіліне аударып жариялады. Шы­ғыстанушылар В.Радлов пен Г.Потаниннің еңбек­те­рінің ғы­лыми басылымдарын шығаруға да бас-көз болды. «Еу­разия ха­лықтарының эпосы» сериясы бо­йынша «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» лиро­эпосының 8 нұсқасын қамтыған академиялық басылымын, «Қыз Жібек» жи­нағын Мәскеуде жарыққа шығар­ды.

Мемлекеттік сыйлықпен қоса Жамбыл атындағы (1996) және Махамбет атындағы (2003) сыйлықтарын алып, ғалымның мерейін тасытты.

Сейіт Асқарұлы – тек қазақ фольклортану ғылымының ғана емес, тұтас ұлт руханиятының кө­шін алға сүйреген айбарлы тұлға.

Ардақты ел ағасы, ғибратты ға­лым салған қазақ фольклор­тану ғылымындағы сара жолды шә­кірттері жалғастырады деп сенеміз. Ұстаздың аманат-мұ­ра­сы халқымен бірге жасай береді.

 

Кенжехан Матыжанов,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ғалымның шәкірті