«Алматыдан телефон соғылды. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, танымал ғалым Кенжехан Матыжанов хабарласты. Академик Сейіт Қасқабасовтың сексен жылдығын атап өтудің жайын айтады».
Осыдан бес жыл бұрын газетте («Egemen Qazaqstan», 2020 жыл, 24 маусым) басылған «Сейіт» атты мақаламыздың бірінші сөйлемі бұл. Кеше де Кенжехан телефон соқты. Бірақ сексен бес жылдықты атап өтудің жайы айтылмады... Жүрегімді тіліп түскен суық хабар айтылды. Сейіт ағам бақилық болыпты. Өмірден менің Сейіт ағам өтіпті. Менің Тамара апайымның соңынан кетіпті. Тұп-тура бес айдан кейін. Алматыға барған сайын көз алдымызда кеміп, семіп, сөніп бара жатқанын көріп, жүрегіміз жүдеп, жанымыз жылап қайтатын. Тағы сәл жүре тұрса екен, ұл-қызының алдында тұра тұрса екен, тым құрыса сексен бес жылдығын атап өтіп, айтарымызды айтып қалсақ екен деген үміт ақталмады.
Тәубе деуден, сабырға келуден басқа шара болмай тұр. Бала күнінен-ақ дыңдай деуге келе қоймайтын денсаулығымен сексеннің бесеуіне жеткеніне, осыншама алапат ауқымды іс тындырып кеткеніне шүкіршілік айтамыз.
Сейіт Қасқабасовтың жұлдызы ғылым аспанында жастай жарқырады. Ғалым туралы мақалалардың басы қосылған ертеректегі мерейтойлық жинақтан «легенда казахстанской науки», «гениальный ученый» деген бағаларды оқи аласыз. Бұл қыздырманың қызыл сөзі емес екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Жалпы, ұлттық фольклортануды Қасқабасовқа дейінгі және Қасқабасовтан кейінгі кезеңдер деп шартты түрде бөле айтудың артығы жоқ. Бізді қойып, түбі бір түркі жұртындағы фольклортанушылар Сейіт Қасқабасовтың «Қазақ мифі және әлемдік мифология» атты көлемді зерттеуі шыққан соң барып өз халықтарының мифтеріне жаңаша қарап, іздеп, тауып, жариялап, насихаттап жатты, осы іске қозғау салып, сеңді бұзып берген қазақ ғалымына ақ алғысын жаудырумен болды. Еңбектеріне өте жиі сілтеме жасалатын, кітаптары ағылшын тілінде жарияланатын, мақалалары әлемдік ең беделді журналдарда басылатын маңдайалды білімпазымыз, Халықаралық фольклористер қоғамының мүшелігіне сайланған біздегі жалғыз ғалым Сейіт Қасқабасов болатын. Қасқабасов қазақ фольклортануын әлемдік деңгейге көтерді. Мұның басын ашып айту керек.
Қасқабасовтың қазақ рухын асқақтатуға атсалысқан ерен еңбегінің бірі – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтын басқарған жылдарында ұлан-байтақ фольклорымызды жинауды, зерттеуді жаңаша жүргізгені. Оның нақты көрінісі – жүз томдық «Бабалар сөзін» шығару ісін бастағаны, ұйымдастырғаны. Қазақ фольклорының 100 томдығы – әлемде бұрын-соңды болып көрмеген құбылыс. Біз мұны ұмытпаймыз. Мұны тарих ұмытпайды.
Ғылымға арқа сүйейтін, ғалымды құрметтейтін ел күйімізде қала алсақ, академик Сейіт Қасқабасовтың асыл аты әрдайым ардақтала беретін болады.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері, шәкірті