• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Тағзым 29 Сәуір, 2025

Фольклортану ғылымының алыбы еді

30 рет
көрсетілді

Аса көрнекті фольклортанушы, академик, филология ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Сейіт Асқарұлы Қасқабасов ұлт ғылымының алып діңгегі еді. Сол діңгек құлады.

Ұлылар топырағында туған ғалым жас күнінен әде­биеттану ғылымына құлаш ұрды. Бұрын көп ғалым жүрексінген тақырып­қа түрен салды. Қазақ фольклоры­ның теориясы мен әдіснамасына үңілді. Халық ауыз әдебиеті мұралары­ның текстологиясын зерттеді.

Әдебиет пен өнердің ық­палдастығын зерделеді. Қиял-ғажайып ертегілерінен кан­дидаттық, қазақ халық прозасынан докторлық дис­сертация қорғады. Айтулы тұл­ғаның таңдаулы еңбектері шетелдік ғылыми ортада да өте жоғары бағаланды. 

Академиктің «Казахская волшебная сказка», «Қазақтың халық прозасы», «Родники ис­кусства», «Колыбель ис­кусства», «Казахская несказоч­ная про­за», «Абай және фольклор», «Золотая жила», «Жаназық», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу». «Қыз Жібек», «Қазақтың ғашықтық жырлары», «XV–XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті», «О фольклоре и не только», «Елзерде», т.б. мо­но­гра­фиялары ғылымдағы биік және жауапты деңгейін көрсетті.

Сейіт Қасқабасов көрнекті ғалым ғана емес, қабырғалы қайраткер еді. Ел тәуелсіздігін қалып­тастыруға орасан еңбек сіңірді. 1988 жылы Қазақстан ком­партиясы орталық комитетінде жауапты қыз­мет атқара жүріп, Алаш ардақтыларын ақтауға үлес қосты. Ірі ұлттық рухани жобаларды жүзеге асыр­ды. «Egemen Qazaqstan» газетіндегі сүбелі мақалалары мен сұхбаттары ел ақыл-ойының олжасы болып қалды.

Бірнеше университетте тұрақты дәріс оқыды. Фольклортануда сауатты мектеп қалыптастырды.

Ғұламаның алды – өзіне, соңы – ұлт ғылымына жарық болсын!

 

«Egemen Qazaqstan» қаламгерлері