24-27 сәуір аралығында XVIII «Рига көктемі – 2025» халықаралық хореографиялық байқауы өтті. Байқауға Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» ансамблінің балет әртісі Сания Сәкенова мен бас балетмейстер Анвара Садықова қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, байқау хореографияның үш аталымы: би, халық биі және заманауи хореография бойынша өткен. Байқауға Қазақстаннан бөлек Германия, Италия, Латвия, Литва, Эстония, Украина, Солтүстік Африка елдерінің өнерпаздары қатысқан. Халықаралық байқауда ансамбль солисі Сания Сәкенова І дәрежелі лауреат атанып, екі алтын медаль жеңіп алды. Ол байқау бағдарламасында Анвара Садықова қойған «Ақбаян» қазақ биін және Ернұр Қарықбол қойған «Тэмулэн» моңғол биін биледі. Сондай-ақ, ансамбль бишісі орындаушылық шеберлігі мен әртістік өнері үшін Америка Құрама Штаттарындағы Марго Фонтейн атындағы Балет академиясында екі апталық оқу стипендиясының сертификатына ие болды.
Осылайша, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова мен Сания Сәкенова Марго Фонтейн балет академиясының көркемдік жетекшісі Кеннет Ладденнің арнайы шақыртуын алды. Сонымен қатар, қазылар алқасының шешімі бойынша «Гүлдер» ансамблі «Ұлттық би мәдениетін сақтау және дамыту» арнайы сыйлығымен марапатталды.