• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Өтініш қабылдау аяқталды: Негізгі ҰБТ мамыр айында басталады

20 рет
көрсетілді

2026 жылғы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш қабылдау науқаны мәресіне жетті. Тестілеу 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады, ал талапкерлерге оны екі рет тапсырып, ең жоғары нәтижемен грант конкурсына қатысу мүмкіндігі берілген, деп жазады Egemen.kz.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, биыл тестілеуге қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер 446 мыңнан астам өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары (2025 жылы – шамамен 216 мың талапкер және 399 мың өтініш). Тестілеуді тапсыру тілін таңдауда талапкерлердің 73%-ы қазақ тілін, 27%-ға жуығы орыс тілін таңдаса, 521 адам ағылшын тілінде тапсыруға ниет білдірген.

Пәндік комбинациялар арасында ең көп таңдалғаны – «Математика–Физика» (17,9%), одан кейін «Биология–Химия» (14,5%) және «Шығармашылық емтихан» (12,4%) бағыттары. Өтініштер Ұлттық тестілеу орталығы әзірлеген app.testcenter.kz сайты мен UTO.kz қосымшасы арқылы қабылданды. Талапкерлер тест тапсыру күнін, орнын, уақытын өздері таңдады.

Білім деңгейін арттыру мақсатында қаңтар және наурыз айларындағы ҰБТ нәтижелері бойынша әр пәннен жеке тақырыптық талдау ұсынылып, талапкерлерге әлсіз тұстарын анықтап, дайындықты жетілдіруге мүмкіндік берілді. Сонымен қатар бірінші мүмкіндіктен кейін екінші тестілеуге дейін дайындықты жақсартуға уақыт қарастырылған.

Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынақтары іске қосылып, тест тапсырмаларына негіз болған әдебиеттер тізімі, тест жоспары, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 тарихи дата, «Информатика» пәнінен терминдер, сондай-ақ әдеби шығармалар тізімі жарияланды.

ҰБТ-ға қосымша таңдау: AIT тестінің ерекшелігі неде?

2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер 3 міндетті және 2 бейіндік пән тапсырады, тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» – 20, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» – 10 тапсырмадан, ал әр бейіндік пәннен – 40 тапсырма беріледі. Ең жоғары балл – 140.

Тестілеу уақыты 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады. Емтихан кезінде тестілеу жүйесінде калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады, сондай-ақ олардың қағаз нұсқалары ұсынылады.

Тестілеу аяқталған соң талапкерлер 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляциялық комиссия шешімінен кейін сертификат жеке кабинетте жарияланады. Сонымен қатар өтінішті комиссия отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алу мүмкіндігі бар.

Министр ҰБТ-ға қатысты жаңаша өзгерістердің қандай болатынын жариялады

Минималды шекті балдар өзгеріссіз қалды: ұлттық ЖОО-лар үшін – 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына – 50 балл, «Педагогикалық ғылымдар» бағытына – 75 балл, «Денсаулық сақтау» – 70 балл, «Құқық» – 75 балл. Бұл ретте әр пән бойынша белгіленген ең төменгі балл талаптарын сақтау міндетті.

Қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. Тестілеу пункттерінде металл іздегіштер арқылы тыйым салынған заттарды кіргізбеу бақылауы жүргізіледі, аудиторияларда байланыс сигналдарын басатын құрылғылар орнатылып, бейнебақылау қамтамасыз етіледі.

2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Ережелерді бұзу деректері анықталған жағдайда талапкердің нәтижелері, тіпті грант иегері атанған болса да, жойылады.

ҰБТ нәтижесі жеткіліксіз: Болашақ мұғалімдер үшін қосымша емтихан енгізіледі

Соңғы жаңалықтар