Қазақстандағы Литваның Төтенше және өкілетті елшісі Эгидиус Навикас Батыс Қазақстан облысында ресми сапармен жүр.
Мәртебелі мейманды әуелі Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қабылдап, ресми кездесу өткізді. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастық, оның ішінде логистика, көлік, агроөнеркәсіптік кешен және құрылыс салаларындағы мәселелерді талқылады. Елші өңірдің кәсіпкерлерін елшілік ұйымдастыратын бизнес-миссиялар шеңберінде Литва Республикасына шақырды.
Айта кетейік, Ақжайық өңірі мен Литва арасында кәсіпкерлік байланыс қазірдің өзінде жаман емес. 2024 жыл қорытындысына қарағанда Батыс Қазақстан облысының Литва Республикасымен тауар айналымы 877 мың доллар болған. Оның ішінде экспорт 262,4 мың долларды, ал импорт 614,6 мың долларды құраған. Мысалы, импорттың негізгі тауары – ірімшік пен киім-кешек 500 мың долларға жетсе, экспорт – полиэтилен қаптар мен пакеттер 137 мың доллар болыпты. Екі тарап болашақты экономиканың барлық саласында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға келісті.
Осы сапарға орай Орал қаласының көрме залында «Unseen Lithuania» атты көрме ашылып, Литва мемлекетінің экономикалық әлеуетін, кәсіпкерлік күш-қуатын, мәдениеті мен тарихын бейнелейтін фотолар қойылды.
Бұдан кейін Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде елшінің студенттермен кездесуі өтті. Кездесу барысында Эгидиус Навикас мырза Литва Республикасы, оның жоғары білім беру жүйесі және академиялық ынтымақ мүмкіндігі туралы кеңінен әңгімеледі. Студенттер халықаралық стипендиялар мен ғылым және білім саласындағы бірлескен жобаларға қатысу мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Елші Литваның әріптестікке әзір екенін, қазақстандық жоғары оқу орындарымен байланысты дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
«Қазіргі заманда білім беру саласындағы халықаралық серіктестік – біздің елдеріміздің тұрақты болашағына жасалған инвестиция», деді Эгидиус Навикас.
Сапар соңында қонақтар БҚУ археология музейін аралап, өңірдің археологиялық мұраларымен және университет ғалымдарының жетістіктерімен танысты. Олар тарихи-мәдени мұраны сақтау маңыздылығын атап өтті.
Батыс Қазақстан облысы