Адам баласы үшін шындық пен адалдық – ең жоғары құндылықтардың бірі. Ал сол адал болуға көмектесетін қарапайым құрал – уәде. Яғни адам өз еркімен бір істі шынайы, әділетті, дұрыс атқаруға уәде берсе, бұл оның мінез-құлқына, шешіміне тікелей әсер етеді.
Осы тұжырымды Даниядағы Орхус университетінің әлеуметтік психологы Янис Зикфельд бастаған халықаралық зерттеу тобы ғылыми жолмен дәлелдеуге тырысқан. Зерттеу нәтижесі «Nature» журналында жарияланды. Олар Ұлыбритания мен АҚШ-тан 21 мыңнан астам қатысушыны онлайн тәжірибеге тартқан. Оларға белгілі бір жұмысты орындап, кейін тапқан табысын өздері есептеп, 35% салық төлеуге тапсырма берілген. Бірақ бақылау жоқ – кім қанша тапқанын ешкім тексермейді. Алайда, жиналған салық қайырымдылық қорына жіберілетіні ескертілген.
Қатысушылардың бір бөлігі салық төлеу алдында уәде беруге шақырылады. Олар «Мен осы зерттеуде шынайы ақпарат беремін», «Мен тапқан табысымды нақты көрсетемін» деген мазмұндағы уәде береді. Тағы бір топ ешқандай уәде бермейді. Зерттеу нәтижесінде уәде бергендер, табысын шынайы көрсеткен. Адалдық деңгейі орта есеппен 4%-ға артқан. Сонымен қатар зерттеу тек мәтіннің мазмұны ғана емес, уәденің берілетін уақыты да маңызды екенін дәлелдеген. Тапсырма басталардың алдында емес, тәжірибе аяқталған соң нақты жауап берер сәтте уәде бергендер әлдеқайда адал болған.
Амстердам университетінің маманы, мінез-құлық экономисі Шауль Шалви бұл нәтижені қолдай отырып: «Адамдар уәде берсе, уәдесін нақты әрі анық айтуы керек» дейді.
Ең қызығы – уәдеде әлеуметтік жауапкершілік бар деген ұғымды түсіндірудің әсері болмаған. Ал уәде тікелей әрекетке байланысты берілсе, мысалы: «Мен нақты табысымды жасырмаймын» деп нақты айтылса, ол адамдардың адал болуына көбірек әсер еткен.
Бұл зерттеу қарапайым бір шындықты көрсетіп тұр: адамның шыншылдығы сыртқы бақылауға емес, ішкі жауапкершілікке, өз-өзіне берген уәдеге байланысты. Әрі уәде нақты, анық болса ғана әсер етеді. Янис Зикфельдтің командасы енді бұл тәсілді қоғамдық жауапкершілікті арттыру секілді бағытта сынап көрмек.