• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Депутат қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы кемшіліктерді атады

60 рет
көрсетілді

Мәжіліс отырысында ҚР Парламент мәжілісінің депутаты, «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Нұргүл Тау Премьер-министр Олжас Бектеновке қалдық көму тәжірибесін тоқтатып, қалдықтарды қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту қажеттігі туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Депутат өңірлерге сапары барысында қуаттылығы жөнінен елімізде алдыңғы қатарда тұрған Алматыдағы «Green Recycle» қоқыс өңдеу зауытының жұмысымен танысқанын айтты. Жылына 550 мың тонна қоқыс қабылдайтын кәсіпорында қоқыстың 20%-ы ғана өңделіп, 80%-ы жерге көміледі.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, елімізде 2 973 қатты тұрмыстық қалдық полигоны бар, алайда олардың тек 20,4%-ы ғана санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келеді. Жыл сайын орта есеппен 4,5 млн тонна қоқыс жиналса, оның тек 22%-ы ғана сұрыпталып, өңделеді. Қалған қалдықтар қоршаған ортаны ластап жатыр.

Депутаттың айтуынша, мәселенің әлі күнге дейін шешімін таппауы – Экологиялық кодексте белгіленген өндірушілер мен импорттаушылардың кеңейтілген міндеттемелерін (ӨКМ/РОП) орындауға қатысты нақты жүйенің жоқтығынан, соның ішінде «Жасыл даму» ақционерлік қоғамының «оператор» ретінде тиімді жұмыс істей алмауынан туындап отыр.

«Экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес, ӨКМ операторы қалдықтарды жинау, сұрыптау, өңдеу және утилизациялау шығындарын толық өтеуі тиіс. Алайда, 2024 жылы «Жасыл даму» ұйымы жоспарланған 7,5 млрд теңгенің орнына небәрі 4,6 млн теңгеге ғана төлем жасаған. Осы секілді заңнама нормаларының орындалмауы тұрмыстық қалдықтарды басқару саласындағы бизнестің тоқырауына, елдегі қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кәсіпорындарының жаппай жабылуына, полигондарға түсетін қалдық көлемінің артуына алып келді», деді ол.

Қазақстанның «жасыл экономикаға көшу» тұжырымдамасына сай, 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 40%-ға жетуі тиіс. Алайда қазіргі көрсеткіштер – бұл мақсатқа жетудің қиын болатынын көрсетіп отыр. Өйткені, бұрын ӨКМ операторы 300-ден астам қалдық жинаушы кәсіпорынмен жұмыс істеген болса, қазіргі таңда «Жасыл даму» тек 32 кәсіпорынмен жұмыс жүргізіп жатыр.

Депутаттың айтуынша, көршілес Өзбекстан мемлекеті бұл салада нақты нәтижелерге жетіп, қайта өңдеу үлесін 31,6%-ға жеткізіп, Франциямен бірге 30–31-орындарды бөлісіп отыр. Қазақстан 3,8%-бен 179 елдің ішінде 175-орында. Бізден озып кеткен мемлекеттер қатарында Непал, Камерун, Мозамбик секілді елдер бар. Бұл салада көрсеткіштерді жақсарту үшін нақты міндеттемелер керек.

Елімізде өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін орындаудың 2 тәсілі қалыптасқан. Біріншісі, өндірушілердің меншікті жүйесі және екіншісі, өндірушілердің операторға утиль төлемін төлеуі.

«Қазіргі күні, бірінші тәсіл бойынша өндірушілер қалдықтардың 30%-ын қайта өңдейді. Алайда, Министрлік оны 40%-ға көтеруді жоспарлап отыр. Бірақ, ешбір талдау жүргізілмеген және дәлелдемелер жоқ. Бұл ретте, қалдықтардың түріне қарай 20, 30, 40 пайыз міндеттемелері болу керек деп санаймыз.

Екінші тәсілге келер болсақ, айтып өткеніміздей 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша мақсатты көрсеткіш 40%-ға көтеріледі, егер өңдеген қалдық бұл көрсеткішке жетпесе неге өндірушілер мен импорттаушылар тауардың 100% көлеміне утилизациялық төлем төлеуге міндетті? Сол түсініксіз», деді депутат. 

Оның пайымдауынша, кейде елімізде қалыпты жағдайға айналған заңыз қоқыс үйінділерінің пайда болуы да – осындай кемшілігі көп жүйенің салдары секілді.

«Мәселен, 2024 жылы Астана қаласында 414 стихиялық қоқыс тастау орындары анықталып, 270 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Аталған іс-шараларға қалалық бюджеттен жыл сайын 400 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл бір ғана өңірдің есебі, сонда ел көлемінде жыл сайын қанша қаражат бөлінеді, бұған неге жол беріліп отыр әлде қолдан жасалып отырған бюджет қаражатын игерудің тәсілі ме? деген заңды сұрақ туындайды. Өткен жылы елімізде 4 886 заңсыз қоқыс үйінділерінің 4 423-і жойылған. Бірақ, қалай жойылды, қоқыстар қайда кетті, қанша қаражат жұмсалды деген сұраққа жауап жоқ», деді ол. 

Депутат бұл салада дәл осындай жауабы жоқ сұрақтар көп екенін атап өтті.

«Басты сұрақ қалдықтарды басқару саласында Үкімет қандай стратегиялық бағыт ұстанады? Экология және табиғи ресурстар министрлігі ұстанып отырған қоқыс жағу бағытын ба, әлде қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеу ме? Осы секілді өзге де қордаланған сұрақтар мен ұсыныстар жазбаша толық нұсқада қоса берілетін болады», деді Н.Тау.