• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Мәдениет Кеше

Алматылық студенттер халықаралық мектептерде қазақ мәдениетін дәріптеп жүр

40 рет
көрсетілді

Алматы қаласында бүгінде 70-тен астам жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі – халықаралық үлгідегі, білім беру ағылшын тілінде жүргізілетін оқу орындары. Осы орайда отандық жоғары оқу орны мен орта білім беретін мекемелер оқушыларды қазақиландырудың жолдарын қарастыруда.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Басқарма төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанайдың айтуынша, жекеменшік халықаралық мектептер бұл мәселені шешу үшін оқу ордасының көмегіне жүгінген.

«Қазіргі таңда университетіміз Назарбаев зияткерлік мектептерімен, 25 жекменшік мектеппен, 92 мемлекеттік мектеппен, 32 балабақшамен,  7 колледж және 96 ұйыммен серістестікте жұмыс істейді. Бір жыл бұрын Алматыдағы жекеменшік мектеп университетімізден қазақ тілі мен мәдениетін насихаттауға қолдау сұрады. Серіктестіктің нәтижесінде университет оқытушылары мен 4 курс студенттері аталмыш мектептің оқушылары үшін қазақ биі мен өнеріне арналған қойылымдар ұйымдастыруға белсене атсалысты. Халықаралық мектептерде қазақ мәдениетін таныстыру – ұлттық болмысты әлемдік білім кеңістігінде дәріптеудің маңызды қадамы. Бұл бағыт Қазақстанның тарихын, дәстүрін, тілін және өнерін шетелдік әрі жергілікті оқушыларға таныстырып, ұлттық сана мен құрметті қалыптастыруға бағытталған», – дейді Гүлмира Әмірханқызы.

Қазақ мәдениетін ілгерілету үшін дәстүрлі мерекелерді – Наурыз мейрамы, Домбыра күнін атап өту, қазақ әдебиеті мен өнері бойынша арнайы сабақтар өткізу, ұлттық тағамдар фестивальдері мен қолөнер көрмелерін ұйымдастыру секілді іс-шаралар кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар қазақ тілі факультативтерін ашу және білім беру бағдарламасына ұлттық компоненттерді енгізу де маңызды рөл атқарады.

Haileybury Almaty мектебінде өткен Наурыз мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыруға QyzPU-дың Хореография және арт-менеджмент кафедрасының 3-4 курс студенттері белсенді қатысты. Студенттеріміз Адема Санатова, Дана Саматова, Жайна Амангелдиева, Жанерке Иманбай, Жанел Сакен және Аяжан Арғынова өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, «Қара жорға» және «Көктемгі сезім» атты хореографиялық қойылымдар ұсынды. Мерекелік бағдарлама барысында көрермендер олардың өнерін зор ықыласпен қабылдады. Би қойылымдарын дайындауға және сахналауға Хореография және арт-менеджмент кафедрасының оқытушысы, магистр Берік Алпыспаевич Кукетов жетекшілік етті.

Бұл іс-шара студенттер үшін кәсіби құзыреттіліктерін арттыруға, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға мол мүмкіндік берді. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті алдағы уақытта да білім алушылардың кәсіби дамуы мен шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдап, түрлі мәдени және өнер жобаларына белсенді қатысуды жалғастырады.