Қазақстан азық-түлік бағасы индексі бойынша әлемнің 139 елі ішінде 21-орынға жайғасты. Бүгінде бұл мәселе – әлемнің көптеген елінде өзекті. Әсіресе соңғы жылдары азық-түлікке кететін шығын халықтың негізгі тұтыну себетінде ең үлкен үлес алып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Азық-түлік бағасы индексі әр елдегі тұтыну себетінің салыстырмалы құнын көрсетеді. Индекс неғұрлым төмен болса, азық-түлік соғұрлым арзан дегенді білдіреді. Қазақстанда бұл көрсеткіш АҚШ-тағы Нью-Йоркпен салыстырғанда 72 пайызға арзан. Алайда Беларусь, Украина және Өзбекстанда азық-түлік бағасы бізге қарағанда төмен, ал Қырғызстан, Әзірбайжан, Молдова және Арменияда керісінше қымбатырақ. Еnergyprom.kz талдау порталының ақпарынша, биыл ақпанда елдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны былтырға қарағанда 3,7 пайызға өскен. Яғни 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауардың 12-сінің бағасы көтеріліпті. Әсіресе, картоп бірден 60 пайызға қымбаттаған. Пияз 28, қырыққабат 16,6, тұз 14 және сары май құны 10 процентке шарықтаған. Сонымен қатар, күнбағыс майы мен сиыр еті 8,5, тауық еті 6,7 пайызға өсті. Ал қант, макарон өнімдері, жұмыртқа, ұн, сәбіз, күріш пен қарақұмық құны төмендеген. Өңірлер бойынша ең жоғары баға өсімі Қарағанды, Ақтөбе және Семейде байқалған. Ал Астана, Жезқазған және Қызылорда қалаларында баға айтарлықтай өспепті
Мегаполисте бүгінде бағаны тұрақтандыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ірі азық-түлік сауда желісімен келісімшарт жасасып, 10 мың 440 тонна көгөністі, нақтырақ айтсақ, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат секілді өнімдерді төмендетілген бағамен сатуды көздеп отыр. Бұдан бөлек, 606 тонна болатын 11 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне де бағаны тұрақтандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл тізімде қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, айран, сары май, ұн, сиыр еті, тауық еті, тұз және тағы басқа өнімдер бар. Сонымен қатар қалада құс етінің құнын ұстап тұру үшін ірі фабрикалардың бірімен келісім жасалған. 2024 жылдың қазанынан бастап бір келі тауық еті 1100 теңгеден аспайды. Жұмыртқа бағасын төмендету үшін де тиісті келісім жасалған. Бүгінде бұл өнім 51 теңгеден сатылып жатыр. Сонымен қатар сүт өнімдері мен қант құнын төмендету мақсатында қосымша жобалар іске асырылып жатыр. Әр демалыс күндері Алматының төрт ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді.Нақтырақ айтсақ, Әуезов ауданы бойынша Өтеген батыр көшесінде, Бостандық ауданы үшін Қазақфильм ықшамауданында, Медеу ауданында Меңдіқұлов бульвары мен Бектұров көшесі, ал Алмалы ауданындағы жәрмеңке Масанчи көшесінде ұйымдастырылады. Мұнда өнімдер нарық бағасынан 15-20 пайызға арзан сатылады. Мамандардың айтуынша, жәрмеңкеден бөлек, арнайы сайт та жұмыс істеп тұр. Тұтынушылар сол жерден сауда орындарын қарауға мүмкіндік алады.
«Біз – демалыс күнгі жәрмеңкелердің ұйымдастырушысымыз. Қазіргі уақытта олар қаланың 4 ауданында өткізіледі. Бұл жәрмеңкелерге Алматы облысы мен Алматы қаласынан 318-ден астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші қатысады. Сондай-ақ арнайы сайт бар. Онда кез келген адам өткізілетін іс-шаралар, сауда нүктелері және бағаны тұрақтандыру орындары туралы ақпарат ала алады. Сайт almatyazyk.kz. деп аталады. Қаланың әрбір қонағы мен тұрғыны осы сайтқа кіріп, азық-түлікті белгіленген бағамен сатып алуына мүмкіндігі бар», – деді «Алматы» ӘКК Азық-түлікпен қамтамасыз ету және сауда департаментінің директоры Азизжан Тұрғанов.
2024 жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті бағадан асып кету деректері бойынша ел көлемінде 7 құқық бұзушылық тіркеліп, жеке тұлғаларға жалпы сомасы бір жарым миллион теңге айыппұл салынған. Сонымен қатар 4 400-ден астам жағдайда сауда үстемесінің артық қойылғаны анықталып, 278 кәсіпкерге айыппұл салыныпты. Қалғандары ескерту алған. Жинақталған айыппұл сомасы 16,2 миллион теңгеге жеткен. Мұның бәрі баға тұрақтылығын сақтау үшін қабылданып жатқан нақты шаралар екенін көрсетеді.