• RUB:
    6.25
  • USD:
    516.16
  • EUR:
    584.86
Басты сайтқа өту
Өнер Кеше

Тыңнан түрен салып...

150 рет
көрсетілді

Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының Кино залында өнер зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» атты танымдық дәріс-концерт өткізді. Онда әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабы» атты еңбегінде айтқан уд, танбур, рабаб, шахруд, мизмар, тебильбаз, маазим, сурнай секілді аспаптар мен қазақтың соларға ұқсас қобыз, жетіген, сыбызғы, сырнай, дауылпазы және олардың пайда болу тарихы мен атауларының астары туралы кең көлемде әңгіме өрбіді.

Автордың «Әл-Фа­ра­би және қазақтың музыкалық аспаптары» атты моно­гра­фиясында ғұлама негізін қалаған му­зыкалық аспап­тар­дың орта ғасырлардан бері қарай қазақ то­пырағында қа­лып­тасу үде­рістеріне шолу жасал­ған. Зерт­теуші осы еңбегінде әл-Фара­би сипаттаған музыкалық аспап­тар қазақтың көнеден келе жат­қан сазды аспаптармен тамырластығын сараптаған. Дәріс-концертте ол тарихи су­реттермен, сызбалармен сабақ­тастыра баяндалды.

«Журналистикада «жур­налистік айғақтама» деп аталатын ақиқатты ашу әдісі бар. Онда журналист беймәлім болып келген нысанның шын­дығын ашуға бел буады. Айғақтарын іздеп, табады. Зерттеу нәтижесінде табылған деректерді, өз көзқарастары мен пайымдарын кәсіби мамандар мен сол сала ғалымдарының назарына ұсынады. Сала мамандары оларды теориялық таным таразысына салып, әрі қарай өз тұжырымдарын жасайды.  Бұл еңбек те сондай ізденістен туған. Сондықтан, бұл монографияға музыкатанушы немесе музыкалық аспаптанушы ғалымның еңбегі деп емес, журналист-ғалымның зерттеуі деп қараған орынды», – деді монография авторы Сағатбек Медеубекұлы. 

Бұдан әрі әңгіме Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыка ту­ра­лы үлкен кітабының» қа­зақ ұлт­тық музыка аспаптары­на қатыстылығы турасында тар­қатылды. Жалпы, бұл та­­қы­рып таным тұрғысынан қа­зақ музыкатанушыларының ғы­лыми зерттеуін қажет ететі­нін атап айтты. Ғұламаның кіта­бындағы музыкалық аспаптарды ұлттық аспаптармен салыс­тыра отырып, ұқсастығына талдау жасады.

«Мысалы, «шахруд» аспабы біз әлі толық жетілдіре алмай жүрген адырнаға ұқсайды. «Мизаф» – жетіген аспабына өте жақын. Ал «танбур» қазақтың домбырасынан аумай­ды. «Уд» аспабы – қазақтың шертері сипаттас. «Сурнай» аспабы – кәдімгі сырнай тектес. «Ра­баб» аспабы – ұлтымыздың қыл­қобызына жақын. Ең бас­тысы, әл-Фараби тілге тиек ет­кен ас­пап­тардың бар­лығы дер­лік қазақ музыкалық аспап­та­ры­мен туыстас екендігі бірден бай­қалады», – дейді өнер­тану­шы.

Дәріс-концертте Мәдениет қайраткері, профессор Тал­ғат Мұқышев, өнертану ғылым­дарының магистрі Қорлан Кар­тенбаева, «Халық аспаптары» бейінінің білім алушылары Ақнұр Батырхан мен Аймара Сайлаубаева домбыра, қо­быз, қылқобыз, шертер аспаптарында ойнап, тыңдар­мандарды сазды әуенге ұйытты.

«Журналист әрі халықтық өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлының «Әл-Фараби және қазақтың музыкалық аспаптары» атты кітабы өткен жылы жарық көргенімен, тұңғыш рет біздің академияда таныстырылып отыр. Жалпы, Сағатбек ағамыз өнер саласында қалам тартып жүрген бірден-бір зерттеуші. Бұл кісінің еңбектері бұдан бұрын да жарыққа шық­қан. Жетісудың күйшілік, әнші-композиторлық мектебіне байланысты осы өңірде өмірге келген барлық өнер иелерінің шығармашылық еңбегін зерттеп, тарихтың қатпарында қа­лып қойған талай тұлғаларды «тірілтіп», халықпен қайта қауыш­­­тырған қаламгер. Бүгінгі ең­бегін де іргелі еңбек деп баға­­лаймыз. Себебі, әл-Фараби – әлемдік деңгейдегі ғалым. Му­зыканың алғаш теориясын зерт­теп, ноталық жүйені жа­саған ғұлама-ғалым­ның му­зыкалық аспаптарымен қазақ ұлттық аспаптарын шендестіре зерттеуі Сағатбек Медеубекұлының тыңға түрен салғанымен тең. Фараби ата­мыз­дың  музыкалық трактаттарын, музыкаға қосқан күрделі еңбегін қазақы көркем тілмен кестелеп, келешек ұр­паққа жеткізуі – үлкен еңбек­тің жемісі. Бұл еңбек осы саланы зерттеп жүрген ғалымдар мен ұстаздар, студенттер үшін таптырмас құрал деуге болады. Осы зерттеудің түрткі болуымен басқа да зерттеу жұмыстары жарыққа келуі, соған жол ашуы мүмкін. Бұл студенттердің қызығушылығын арттырады»,  дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының доценті, күйші, өнер зерттеуші Мұрат Әбуғазы.

Өз кезегінде ақын Алмас­бек Ахметбекұлы да өнер зерт­теушісінің бұл монографиясын жоғары бағалап, қазақ музыка аспаптарының қоржынын толтырған құнды еңбек екенін ерекше атады. Сағатбек Медеу­­бекұлы халқымыздың ауыз әде­биетіне, фольклорына, музыкасына қатысты мұраларды жинау және жариялау, сондай-ақ зерттеумен айналысып келеді. Музыка саласында «Жетісудың күй­лері» және «Жетісу әуен­дері» (Б.Мүптекеевпен бірге, 1998 жыл) академиялық жинақ­та­ры, «Алатауым менің» атты авторлық әндер мен күй­лер топтамасы (2018 жыл) оқыр­манмен қауышты. Сонымен қатар қазақтың музыкалық аспап­тарын зерттеу нәти­же­сінде «Сазды аспаптар сыры» (О.Бейсенбекұлымен бірге, 1995 жыл) және «Домбыра» атты еңбектері  жарық көрген.

Өнер зерттеуші, ғалым 30 жылдан астам уақыт бойы Әбу Насыр әл-Фараби және оның музыкалық еңбектері туралы мерзімдік басылымдарға бірнеше тақырыпта ғылыми-танымдық мақалаларын үзбей жариялауымен де танымал.

 

Алматы