• RUB:
    6.25
  • USD:
    516.16
  • EUR:
    584.86
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Жайылманы жайлаған елді жарылқайды

80 рет
көрсетілді

Ертіс жайылмаларының 90%-ға жуығын су басады деп күтіліп отыр. Өңір билігінің сұрауымен негізгі су босату кезеңі қосымша үш тәулікке ұзартылған. Нәтижесін өзен жағалаған жұрт молынан сезеді деген сенім мол.

Еліміздегі ең ұзын су артерия­сы­ның бойын мол ырыз­дық күтіп тұр. Өзен жайыл­­маларын тіршілік нәріне қанықтыру мақсатында қолға алынатын жыл сайынғы су босату науқаны кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. 16 сәуірде басталған негізгі кезең – секундына 3500 текше метр су ағызу өзен деңгейін айтарлықтай арттырып, бүгінде жайылмаларға лек-легімен жөңкіліп жатыр.

– Көктемгі су босату жалпы үш кезеңнен тұрады. Алғашқы дайындық кезеңі 9-13 сәуірде жүрді. Бұл аралықта мамандар суқоймаларының шлюзінен суды біртіндеп арттыра береді. Өзен бойындағы кейбір жерлерде мұз кептелісін болдырмау әрі ықтимал су басудың алдын алу мақсатында су көлемін біртіндеп көтеретін арнайы кестеге сүйенеміз. Одан соң 14-30 сәуір аралығы – негізгі кезең. Мұнда босатылатын су максималды деңгейге – секундына 3500 текше метрге жеткізіледі. Су босатудың ядролық кезеңі 8 тәулікке емес, 11 тәулікке ұласып отыр. Бұл жайылмаларға шығатын судың көлемін еселей түсетіні анық. Шлюздерден жіберілген су Павлодар аумағына шамамен 5-7 күнде жететінін ескерсек, алдағы уақытта өзен деңгейі әлі де көтеріледі. Су жіберудің соңғы кезеңінде көлем азая береді. Дәстүрлі табиғат қорғау шарасы шамамен 1-5 мамыр аралығында аяқталады, – деп түсіндірді Су ресурстары комитетінің су ресурс­тарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инс­пекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров.

Су босатуға Ертістің оң бүйіріндегі аса ірі суқоймасы – Бұқтырма, Үлбі, Оба, Күршім, басқа да өзендер оң әсер етеді. Бүйірлік ағындар мол болса, судың ағыны да еселеніп, Ертіс бойында үлкен толқындар тууына себеп болады. Биыл бұл өзен-сулардың ылғалды мол жинауы­на байланысты табиғат қорғау шарасы ойдағыдай өтіп жатыр. Жалпы, Ертіс өзенінің Павлодар өңіріндегі жайылмаларының жалпы аумағы 377 мың гектар­­­­дан асады. Су өзеннің сол жағындағы жайылмаға көбірек шығып, ені 12 шақырымға дейін барады. Жайылмалар Аққулы, Май, Павлодар, Ақтоғай, Тереңкөл, Железин, Ертіс аудан­дары мен Ақсу, Павлодар қала­ларының аумақтарында орна­ласқан.

– Алдын ала болжамымыз бо­йынша, су Ертіс жайыл­ма­ла­рының 90%-ға жуығын басуы ықтимал. Ең аз дегенде 80%-дан асатын болады. Өзендегі баланс­ты, әсіресе жаз бен күзде кеме­лер­дің навигациялық кезеңін қолдау мақсатында Ертіске су жіберу алдағы уақытта аз көлемде (секундына 650 текше метр) жал­ғаса беретінін ескеруіміз керек. Су босатудың теріс жағы да бар, ол – Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен ГЭС-терінде электр энергиясын өндірудің уақытша азаятындығы. Қоймаларда судың деңгейі түсетіндігіне байланысты уақытша тежеліс болады. Бірақ бұл тұтас энергиялық жүйеге әсер етпейді, – дейді Е.Қамбаров.

Айта кетелік, былтыр Семей­­дегі көпір құрылысына байланыс­ты Ертіске ағызылып жатқан судың қарқыны бәсеңдеп қалған еді. Биыл барлық жұ­мыс кестеге сәйкес өтіп жатыр. Павлодар облысының әкімдігі босатылатын судың көлемі 7 млрд текше метр­ден кем болмайтынын айтады.

 

Павлодар облысы