• RUB:
    6.25
  • USD:
    516.16
  • EUR:
    584.86
Басты сайтқа өту
Инвестиция Кеше

Инвестиция қалай пайда әкеледі?

80 рет
көрсетілді

Олжас Тілеуқабылұлы, сарапшы:

– Көп адам инвестицияны жай ғана табыс табудың немесе ақшаны көбейтудің тәсілі ретінде қабылдайды.

Алайда бұл – үстірт көзқарас. Шын мәнінде, инвестиция – ұзақмерзімді мақсаттарға жетуге арналған қаржылық құрал. Ол белгілі бір жүйеге, нақты стратегияға, жоспарлы әрекетке негізделуі керек. Инвестиция – бұл ақшаны жұмыс істету. Бірақ ол эмоциямен емес, логикамен басқарылуға тиіс.

Кез келген инвестор, ең алдымен, өзінен сұрауы керек: мен бұл инвестициядан не күтемін? 5 жылдан кейін қандай қаржылық жағдайда болғым келеді? Зейнетке шыққанда қалай өмір сүремін? Қанша уақытқа, қандай мақсатпен инвестиция жасамақпын? Бұл сұрақтарға нақты жауап бере алмаған адамға инвестиция тәуекелге толы, тиімсіз болуы мүмкін.

Инвестордың мақсаты мен тәуекелге төзімділігіне қарай инвестициялық стратегия­лар негізінен 4 бағытқа бөлінеді. Біріншісі – құндылықты сақтау, яғни қаражатты инфляциядан қорғау. Бұған алтын, қысқамерзімді облигациялар, депозиттер жатады. Бұл құралдар табысы төмен болғанымен, қауіпсіздігі жоғары. Екіншісі – тұрақты табыс алу, яғни белгілі бір уақыт сайын тұрақты кіріс әкелетін активтер. Мысалы, купондық облигациялар немесе дивиденд төлейтін акциялар. Үшіншісі – капиталды өсіру. Бұл – акциялар арқылы компанияның нарықтағы құнымен бірге сіздің капиталыңызды арттыру. Төртіншісі – венчурлық инвестициялар. Бұл – стартаптарға немесе жаңа технологиялық компанияларға салынатын қаржы. Мұнда тәуекел жоғары, бірақ табыс мүмкіндігі де зор. Алайда 100 стартаптың тек 2-3-еуі ғана табысты болады.

Көптеген жаңа бастаушы инвестордың бас­ты қателігі – эмоциямен шешім қабылдау. Акциялар құлдыраса, бәрін сатып жібереді. Нарық өссе дүрмекке еріп, ойланбастан сатып ала бастайды. Бұл – инвестициялық тәртіпке қарсы әрекет. Инвестор ретінде нарықтағы құралдарды да дұрыс таңдай білу керек. Пассив инвестиция – нарықты жалпылай алуға бағытталған. Бұл көбіне индекс қорлары арқылы жүзеге асады (мысалы, S&P 500, Nasdaq). Мұндай модель көп жағдайда кәсіби басқарылатын қорларды да басып озады. Ал активті инвестиция – бұл компанияларды жеке-жеке зерттеп, есептерін (баланс, кіріс-шығыс, ақша ағындары) талдауды талап етеді. Бұл тәсіл тәжірибе мен білімді қажет етеді, бірақ табысы да жоғары болуы мүмкін.

Бүгінде инвестиция жасауға болатын түрлі құрал бар. Мысалы, қысқамерзімді облигациялар (көбіне микроқаржылық ұйымдар шығарады, табыстылығы – 15-25%), корпоративтік облигациялар (тұрақты купондық табыс береді, әдетте 2-3 жыл мерзімге), алтын сатып алу (мысалы, «Halyk Bank» немесе «Еуразиялық банк» арқылы), сондай-ақ халықаралық ETF-терге (S&P 500, Nasdaq, MSCI) инвестиция жасап, жаһандық нарыққа шығуға болады.