• RUB:
    6.25
  • USD:
    516.16
  • EUR:
    584.86
Басты сайтқа өту
Алматы Кеше

Алматыда базарларды жаңғырту барысы талқыланды

100 рет
көрсетілді

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жұмыс сапарымен Алматы қаласына барып, базарларды жаңғырту мәселелері бойынша бизнес өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында базарларды жаңғырту кезінде туындайтын мәселелер талқыланды. Тараптар базарларды жаңғырту барысында туындайтын кеделгілер мен оларды жүйелі шешу жолдарына баса назар аударды.

Министр Алматы қаласы ішкі саудадағы негізгі орталық екенін ерекше атап өтті. 2025 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша Алматыдағы ішкі сауда айналымының көлемі 5 149,4 млрд теңгені құрады. Нақты көлем индексі жоспарлы көрсеткіштен (102,9%) асып, 103,1 пайызға жетті. Алматыдағы сауда айналымы республикалық сауданың 36,2 пайызын алып отыр. Бұл өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Аталған кезеңде бөлшек сауда көлемі 1 447,7 млрд теңгені (НКИ — 106,8%), көтерме сауда — 3 678 млрд теңгені (НКИ — 101,7%) құрады.

Бұл көрсеткіштер тұрақты, заманауи сауда инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру қажеттілігін растайды. Цифрлық шешімдер мен сауданың заманауи форматтарын белсенді енгізу – келтірілген статистиканы одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Ал базарларды жаңғырту – осы саладағы басым бағыттардың бірі болып қала береді.

Соңғы 10 жылда елде базарларды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүрді. Қазір Алматы қаласында 59 базар жұмыс істеп тұр. Оның 70% - ы жаңғыртылған. Өткен жылы Алматыда алты базарда модернизация жұмыстары аяқталды. Бекітілген кестеге сәйкес, биылғы жылдың соңына дейін тағы он нысанда жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта олардың төртеуінде белсенді құрылыс жүріп жатыр.

Сонымен бірге, алты нарық бойынша бекітілген мерзімді сақтамау қаупі бар. Оған жер учаскелерін пайдалануға шектеулер, техникалық шарттар, әкімшілік кедергілер және қаржы ресурстарының тапшылығы себеп болып отыр. Осыған байланысты министр жауапты мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілері арасындағы үйлестіруді күшейтуді, сондай-ақ жобалардың іске асырылу барысына жүйелі мониторинг жүргізуді тапсырды.

- Базарларды Тәуелсіздік алған сәттен бастап елімізде қолданылатын нормативтік техникалық актілердің — құрылыс, өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарына сәйкестендіруіміз керек, - деді ҚР Сауда және интеграция министрі.

Арман Шаққалиев Алматы қаласы еліміздің ең ірі қаржы және сауда орталығы ғана емес, сонымен қатар озық шешімдерді енгізу алаңы екенін атап өтті. 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап Халық Банкімен бірлесіп "Digital Bazar" пилоттық жобасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта жобаға Алматы қаласы мен Алматы облысының 7 базары тартылған, сервиске 4 276 клиент қосылған. Жобаны іске асыру, электрондық сауда платформаларын дамыту, қолма-қол ақшасыз есеп айырысуларды енгізу және қаржы-технологиялық шешімдермен интеграциялау мегаполистің сауда саласын цифрландырудың жоғары деңгейін көрсетеді.

- 2026 жылдан бастап жаңғыртудан өтпеген базарлар жұмысын жалғастыра алмайды. Бұл қазіргі уақыт талабы. Қауіпсіздік, ашықтық және ыңғайлылық сауда стандартына айналуы тиіс, - деп толықтырды министр.