• RUB:
    6.25
  • USD:
    516.16
  • EUR:
    584.86
Басты сайтқа өту
Қазақстан Бүгін, 11:33

Қазақстанның даму перспективаларын респонденттердің 73%-ы оң бағалаған

40 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген сауалнама нәтижелеріне сәйкес азаматтардың басым бөлігі өз өміріне толық қанағаттанады, яғни, отандастарымыздың 73%-ы елдің даму бағытын дұрыс деп санайды, деп жазады Egemen.kz.

Мемлекеттік бастамаларға ең жоғары қолдау көрсететін топ – 18-29 аралығындағы жастар екен, респонденттердің 82%-ы осындай пікір білдірген. Ерекше атайтын тағы бір жайт, ерлерге қарағанда (71,1%) әйелдер ел дамуына анағұрлым оптимистік баға берген – 75,3%.

Қоғамдық көңіл-күйдің маңызды көрсеткіші – халықтың Президентке деген сенімі. Қоғамдық пікірді зерттеу нәтижелері бойынша, халықтың 76,4%-ы Мемлекет басшысына сенім білдірген. Жастар арасында Президентке деген сенім деңгейі – 84,6%, әйелдер арасында – 78,1% (ерлер арасында – 74,5%). Ауылдық және қалалық тұрғындар арасындағы сенім деңгейі шамамен бірдей – тиісінше 76,8% және 76,1%.

Сондай-ақ, респонденттердің жартысынан астамы – 60,8% – елдің алдағы 5 жылдағы даму перспективаларын «өте оң» немесе «көбіне оң» деп бағалаған.

Бұл әлеуметтік оптимизм халықтың өмір сүруіне қанағаттанушылық деңгейінен де көрініс табады. «Сіз жалпы өміріңізге қаншалықты қанағаттанасыз?» деген сұраққа респонденттердің 57,3%-ы «толық қанағаттанамын», ал 32,8%-ы «көбіне қанағаттанамын» деп жауап берген.

Сауалнамаға қатысушылар саясат, экономика және елдің қоғамдық өмірі туралы ақпаратты интернет-БАҚ (30,3%) пен әлеуметтік желілерден (34,7%) алғанды жөн санайтынын атаған. Зерттеуге 18 жастан асқан 8 мың респондент қатысқан. Сауалнама 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтыған. Оқырмандармен жеке сұхбат (CAPI әдісі) түрінде жүргізілген сауалнама биыл 20 наурыз - 20 сәуір аралығында өткізіліп, халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымын ескеретін іріктеме негізінде жүзеге асырылған.