Алматыда ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне төлем көбейтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің мәліметіне сілтеме жасап.
Бұл шешім Алматы қалалық мәслихатының VIII шақырылымының кезектен тыс XXIX сессиясында депутаттардың бірауыздан қолдауымен қабылданды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, биыл Жеңіс күні қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 5 миллион теңгеден біржолғы әлеуметтік көмек берілмек. Ал тыл еңбеккерлеріне берілетін төлем көлемі де екі есеге өсіп, 100 мың теңгені құрап отыр. Бұған дейін бұл санаттағы азаматтарға 50 мың теңгеден төленетін.
«Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көрсетілетін бұл қолдау – ұрпақтың ерлікке тағзым етіп, тарихи жадыны жаңғыртудағы жауапкершілігінің бір көрінісі. Барлық төлемдер ешқандай өтінішсіз, автоматты түрде есепшоттарға аударылады», делінген қала әкімдігінің ресми хабарламасында.
Қазіргі таңда оңтүстік астанада 21 ҰОС ардагері мен 6 149 тыл еңбеккері тұрып жатыр. Қала басшылығы бұл санаттағы азаматтарға медициналық, әлеуметтік және тұрмыстық қолдау көрсету бағытында да кешенді шаралар жүргізіп келеді.