Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанаға келген Румыния Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Джанина Ситарумен кездесті. Жүздесу Румынияның әйгілі «Мадригал» ұлттық камералық хорының «Жібек жолы» атты концерттік туры аясында өтті.
Р.Василенко «Жібек жолы» турнесі шеңберінде Қазақстанның түрлі қалаларында, соның ішінде Астана мен Түркістанда бірқатар концерттер өткізетін әлемге әйгілі хордың келуіне орай қошеметін білдірді. Сондай-ақ ол мұндай мәдени іс-шаралар халықтар арасындағы өзара ықпалдастық пен достықты тереңдетуге зор үлес қосатынын атап өтті.
– Қос ел арасындағы берік әрі сенімді серіктестік бұрыннан қалыптасқан, қазіргі таңда ол заманауи жобалармен жаңарып, дами түсуде. Біз «Мадригал» хорының концерттері арқылы Румынияның бай мәдени мұрасымен танысамыз. Бұл шара Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Айта кетерлігі, Хордың орындауында тек Румынияның ғана емес, сонымен қатар Қазақстан және Орталық Азияның басқа да елдерінің әнұрандары бар. Қазақтың сүйікті «Япырай» және «Әгугай» халық әндерін ерекше өңдеуде орындауы қос мемлекет арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайта түседі, – деді Р.Василенко.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Румыния арасындағы саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дамуын талқылап, өңіраралық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктері туралы пікір алмасты.
Айта кетейік, «Мадригал» ұлттық камералық хорын 1963 жылы көрнекті румын музыканты және дирижері Марин Константин құрған. Ұжымның репертуарында ренессанс заманының, классикалық музыка, романтизм, Византия музыкасы, сондай-ақ румын және әлемдік композиторлардың заманауи туындылары бар.