Тараз қаласындағы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі, белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Бекет МОМЫНҚҰЛМЕН сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы мерейтойы үстіндегі сұхбатыңызда «Кубада, Испания мен Израильде, мына өзіміздің Түркияда Бауыржан Момышұлының әскери ілімі кадеттерден бастап ірі әскери құрамаларға дейін оқытылады. Ал біздің әскер үшін ол пәндер әлі күнге дейін таңсық саналып келеді», деп айтқаныңыз есімде сақталып қалыпты. Осы орайда сізге қояр бірінші сауалым – бүгінгі біздің әскердегі ахуал қалай? Бұл арада, әрине, Момышұлының әскери ілімінің маңызы шексіз екені даусыз...
– Біздің жоғары әскери оқу орындарына Бауыржан Момышұлының пәндері әлі таңсық. Оқытылып жатқан жоқ. Рас, батыр атындағы әскери салаға бейімделген мектептер мен кадеттерде Баукең дәрісі шама-шарқынша оқытылып жатыр. Бұрынғы айтып та жазып жүрген дерек-дәйектерімізге бір ғана жаңа мысал қосайыншы: Бауыржан Момышұлымен Калинин қаласындағы Жоғары әскери академияда курсанттарға бірге сабақ берген полковник Петр Зельманович Горелик деген әскери ғалым болған. Сол кісінің «Бауыржан Первый» деген эссесін оқыдым. Ол былай дейді: «1946 жылы Қытай Халық Республикасы өзінің Қарулы күштерін жаңадан жасақтап жатқанда әскери құрамдарда «Волокалам тас жолы» кітабын Жарғы ретінде пайдаланған...» Басқа алып-қосарым жоқ.
– Түсінікті. Беке, жалпы сіз жетекшілік жасайтын орталықтың әскери ұйымдармен байланысы бар ма? Мектеп жасындағы жас буын өкілдерімен ше?
– Таяуда облыс аумағындағы шекара әскері бөлімшесімен тұңғыш рет кездестік. Оған ардагерлер, студенттер, жас ұстаздар қатысты. Сәт Қуантай деген жап-жас ұстаз Бауыржан Момышұлы туралы жинаған деректерін ортамызға жайып салып, таңғалдырды. Жас жауынгерлер оған сондай риза болды. Осы кездесу тамызық болды-ау деймін, орталықтың атына тағы үш әскери ұйымнан шақырту түсті.
Бауыржан атамыздың туған жері Жуалыдағы жалғыз музейінің жәдігерлерін халыққа етене жақын таныстыру мақсатында «Көшпелі музей» іс-шарасын өткізіп жүрміз. Осы күнге дейін облыстың сегіз ауданын араладық. Бұл іс-шараларға Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза айрықша қолұшын бергенін атап өткім келеді. Мектеп оқушыларымен батырдың рухын алға тартып өткізген кездесу сәтіндегі балалардың көздерінен от ұшқынын көргендегі таңданысымды бір сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Есіңізге алыңызшы, неміс фашистерімен шайқаста қазақтың жасөспірімдері жасына 2-3 жас қосып, майданға өз еріктерімен аттанды емес пе? Даңқты ардагердің өміртарихына үңіліп, зерделеп көріңіз, солардың дені – Отан қорғауға жасын жасырып аттанғандар. Байқадыңыз ба, Отанын қорғауға деген, ұлтшылдыққа, патриоттыққа деген тәрбиенің бастау жолы қайда жатыр?
– Сізбен келісемін. Даңқты академик Әбдуәли Қайдари ағамыз да майданға мектепте жүрген жерінен жасын ұлғайтып барған. Әкесі екеуі бір майданда, бір шепте соғысқан, бірақ бір-бірінен хабарсыз болған...
– Көрдіңіз бе! Қазір бізде балалар кітап оқымайды, телефоннан, яғни интернеттен түспейді деген жалпылама пікір қалыптасқан. Жоқ, олай емес... Біз әр кез мектеп оқушылары мен ауылдағы соғыс ардагерлерінің соңғы тұяқтарының басын қосып, кездесу өткіземіз. Аға буынның бұл өкілдері – Баукеңнің көзін көрмегенмен ол туралы кітаптан оқып, ақиқат пен аңыздың аражігін ажыратып үлгергендер. Олар ойларын ортаға салғанда жеткіншектер ұйып тыңдап қана қоймай, кәдімгідей жігерленіп қалатынын талай байқадым. Бірде жәдігер-антиквариатқа бөгде адамның саусағын да тигізуге болмайтынына қарамастан, жалындап тұрған бозбалаға Бауыржан атамыздың майдандағы офицерлік шекпенін кигіздім. Сондағы балаң жігіттің шаттанған сәтін көрсеңіз! Насихат пен үгіттің адам айтқысыз тектоникалық күш-қуаты болады, білесіз ғой...
– Негізі, Беке, сіз бен біз кітап оқуға «көндігіп» өскен ұрпақ өкілдеріміз. Қазіргі жастарымыздың кітаптардан гөрі телефон арқылы ғаламторға үңілуге үйір екені рас қой?
– Рас, бірақ, бір мысал айтайын... Кеңес одағында, зерттеулерім бойынша, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұядан» бастап, «Куба әсерлері» бар, «Москва үшін шайқасы» және басқа шығармалары бар, барлығы бірінші және кейін қайта басылғандарын (30 мың, 60 мың, 120 мың данадан!) қосқанда 2,5 миллионнан астам данамен жарық көрген екен. Ал бүгінде мүйізі қарағайдай атақты жазушыларымыз кітаптары 1000 данамен шықса, соған мәз. Мұны айтып отырғаным, кітап оқылмайды емес, оқылады, жастар да бейім, өкініштісі сол, кітап оқырманына жетпейтін секілді. Соңғы бес кездесуден осыны анық байқадым.
– Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай мемлекет қомақты қаржы бөліп батырдың 30 томдық жинағын шығарды. Ол іс-шара жалғасын тауып та отырған шығар?
– Сөзіңіз аузыңызда, жуырда сол 30 томдықтың жалғасы деп қосымша екі томдық кітап шығыпты. Тысында әдеттегідей «Бауыржан Момышұлы» деп жазылған. Ішінде Бауыржан Момышұлының авторлық бір дүниесі емге жоқ. Көптомдық жалғасының коммерцияға айнала бастағаны шығар. Сол үшін мен Бауыржан атамның аруағынан кешірім сұрап «Жас алаш» газетіне мақала жаздым. Неге? Өйткені әлгі коммерсанттар редколлегия мүшесіне бұрынғы томдықтардағы секілді менің аты-жөнімді бадырайтып жазып қойыпты...
Бір қуаныштысы, «Жамбыл облысы – кітап оқитын өңір» деген жақсы бастама жарияланды. Нағыз насихат деп осыны айтамын. Бұл енді елдің барлық аймағына жұғысты болсын деп тілейік.
– Беке, кітап туралы сөз қозғап қалдық, мәселен, мемлекет тарапынан қаражат бөлінді делік. Бауыржан Момышұлының үлестіргенде пышақ үстінде тарайтын кітаптарының аттарын атап көрейікші?
– Біріншісі – «Соғыс психологиясы» кітабы. Бұл Баукеңнің кезінде орыс тілінде (қазақшасы – «Қанмен жазылған кітап»), әскери аудиторияларда «қаны сорғалап тұрып» оқылған лекцияларының негізінде жазған еңбегі. Қазақша аудармасы ешқандай мағына беріп тұрған жоқ. Маған ұнамады. Тақырыбы соғыстағы адамның – солдаттың, офицердің майдан шебіндегі жауынгерлік өмірі. Ендеше, нағыз қазақша атауы да солай «Соғыс психологиясы» деп сақталуға тиіс. Міне, сол кітап оқырманға қас пен көздің арасында таралады. Керемет кітап. Соғыста солдат алдымен қандай тәрбие көруі керек, оған командир қалай тәрбие беруі керек? Одан әріде екеуі де ол соғысқа қалай бейімделуі керек деген терең ұғым жатыр. Ол үшін командирдің қандай тұлға болуы шарт. Қорқыныш деген не? Шығармада жай азаматтық болмыстағы адам мен әскери өмірдегі жауынгердің шынайы өмірге деген көзқарастары ашылып, айқындалып тұр.
Екінші кітап – «Москва үшін шайқас». Архивтен тапқан бір олжам бар: өмірде Мұқан Омарбаев деген подполковник болған. Атақты жазушы-майдангер Әзілхан Нұршайықов ағамызбен бір полкте соғысқан. Сол кісі: «Москва үшін шайқас» – нағыз ерлік кітабы, елдік кітабы, сонымен бірге мен оны адалдықтың, адамгершіліктің, отаншылдық жарғысы деп білемін. Әскерге қабылданған әрбір жауынгерге, тіпті офицерге осы кітапты алдымен оқытар ма еді деп ойлаймын. Жоғары әскери оқу орындарда, әскери кафедраларда оқытса болар еді. Мұның ішінде тактика да, тәжірибе де, ұрыс та, ұтыс та бар. Бұл әскери жарғыға пара-пар әскери ілімнің жиынтығы. Бұл – Жеңіс кітабы. Әр тарауы – әскери ғылым, азаматтық ілім. Біздің солдат болған кезімізде мұндай кітап болған жоқ. Қорғанысымызға мәңгілік үлесі бар кітап», дейді. Көрдіңіз бе?
Үшінші кітап – «Волокалам тас жолы». Баукең әлгі айтқан «Соғыс психологиясы» кітабында, орыс тілінде: «Вы читали Мою книгу «Волоколамскую шоссе?» дейді. «Менің!..» дейді. Иә, ол жөнінде әр деңгейдегі мінберлерден айтылып, БАҚ-та жазылған, құптайтын тарихи құжаттар жетіп артылады. Даңқты кітаптың авторы Александар Бек болғанмен, нақты жазушысы – Баукеңнің өзі!
– Біздің ұғымымызда Бауыржан Момышұлы қоғамда әскери адам, даңқты тұлға ретінде танылды. Баукең туралы естелік жазбаған, сыр шертпеген, эссе жазбаған ақын-жазушы қалмады. Бәрі жазды. Былай қарасаң, күні бүгін Бауыржан Момышұлының адами толық бейнесі жасалынып, жеке портреті бар қырынан ашылған, айқындалған сияқты, солай ғой?
– Жоғарыдағы барлық бауыржантануға үлес қосушылардың ешқайсысының жазу-сызу дүниесінде «Бауыржан неге соншама шыншыл адам болған?» деген сауалға жауап берілмеген. Бәрі таңғалумен, бәрі тамсанумен шектеледі? Бауыржан өмірде өтірік айтпайтын, тек шындықты ту етіп ұстайтын, бірбеткей тік мінезді адам. Өзіне таяқ болып тисе де, тимесе де тек ақиқатты айтқан. Сол адалдықтың, шыншылдықтың түпкі сырын осы күнге дейін ешкім ашып бере алған жоқ. Бұл қасиет Баукеңе қайдан келген, қайдан жұққан?
Осыдан біраз жыл бұрын Баукеңнің немересі, қазіргі тікелей жалғыз мұрагері, немере інім Ержан Бақытжанұлынан атамның қаралмай жатқан бір бума архивтік құжатын сұрап алдым да, асықпай парақтай отырып, тірнектеп деталь жинап, жұмыс істедім. Сол бумадан сарғайған бір жарым парақ Бауыржан атамның қолжазбасын тауып алдым. Орыс тілінде жазылыпты. Тақырыбы «Біз интернатта оқып жүргенде» деп аталады. Батыр атам не жазса да, жазған дүниесінің соңында айы-күнін қоюды ұмытпайтын, мына парақта жазылған уақыты көрсетілмепті. «Интернатта оқыған кезімізде біздің барлығымызда бір паспорт болды» дейді сонда. Дейді де оны былай саралайды, «олар – кедейдің баласы, мәңгілік батрақтың баласы немесе тас жетім». Баукең 1921 жылы Әулиеатадағы Аса интернатына Жуалыдан келіп оқуға қабылданған ғой. Өте ауыр кезең. Интернаттағы он-он екі жасар балалар оқудан шығып қалмауы үшін өтірік айтатын болған. Яғни «Байдың малын баққам, байдың балалары мені ұрып-соққан» дегендей. Ол ол ма, балалар қатарластарын «қаралап», ол батрақтың баласы емес, байдың тұқымы деген сияқты құлақтандыруларды мұғалімдеріне «жеткізіп» тұруға бейімделген, яғни бейімдеген. Бай отбасынан шыққан балалар интернаттан бірден қуылған. Қызық болғанда, бірде сол интернатқа Момыш атам келмей ме, Әулиеатаға? Бес-алты баланы мұғалімінен сұрап алып қаладағы бір шайханаға апарып, тамақтандырады. Қайтар кезде екеуара әңгімеде баласы Момыш атама келесі келгенде «Менің балам байға жалшы болған» деген ауыл-кеңестен бір жапырақ анықтама әкелуін өтінеді. Атам аң-таң, «Бұл не, қайдан шыққан әңгіме?» деп сұрайды. Баласы мән-жайды жасырмай айтады. Әкесі үндемей тыңдайды. Артынан «Балам-ау, сен неге басыңа жамандық шақырып отырсың? Біз тұқымымызда байдың малын бақпадық, бөтен адамға жалшы болмадық. Есіңде болсын, өтірік айту – Құдай алдында үлкен күнә. Адам шыншыл болуы керек», дейді. Сонда 12 жасар зерек оқушы Бауыржан «Ата, егер мені оқудан шығарып жіберсе қайтеміз?» дейді. Әкесі «Шығарса шығарады да, енді не істейміз, үйге қайтып келесің. Бірақ, балам, өтірік айтушы болма, – дейді. – Адамдарды алдау – ұят!» Міне, әкенің баласына берген өмірлік сабағы, адалдық сабағы! Сол сары қағазда сақталған Баукеңнің өз қолымен жазған мына бір жолдарды оқып берейін: «Әкем сол күні маған өтірік айтпаудың қорқынышты емес екенін, ал өтірікші атанудың нағыз қорқыныш үйіретінін түсіндіріп, мені ешқашан да өтірік айтпауға көндірді, сендірді. Егер менің өтірігімді еститін болса, маған қатты ренжитінін де ескертті», дейді. Мектеп те қарап жатпай жылына екі рет балалардан әлеуметтік тегі туралы «есеп» алып тұруды ұмытпаған. Сонда бала Бауыржан орнынан тұрып, «Біздің қозысымен қосқанда отыз қойымыз, бұзауын қосқанда екі сиырымыз, бір жылқымыз құлынымен бар» деп шындықты шырылдатып айтып тұрған... Әке сөзі өмірлік сабақ болған. Баукеңнің майдан шебіндегі айтылатын «Басыңа өлім қаупі төніп тұрса да, шындықты айтудан қашпа» деген нақыл сөзі содан қалған.
– Беке, сіз тағы бір сұхбатыңызда архивтен Бауыржан Момышұлы айтқан «Екі мәрте батыр, қос шенді генерал» құжатына қол жеткізсек, бауыржантану ілімінде тарихи төңкеріс болады» деген едіңіз. Архив не дейді?
– Бауыржан Момышұлының жыл соңына қарай аталып өтілетін 115 жылдығына дейін осы сауалға өзім де жауап табуға талпынып жатырмын. Табылып та қалатынына сенімім жетеді. Мәселен, соғыс кезінде жоғары шенді қолбасшыларға батыр атағын беру үшін алдымен ұлттық республикалардың Жоғарғы кеңесі президиумының қарауына үміткер туралы кепілдеме жіберіп, олардың келісімін алатын тәртіп болған. Өзбекстанға генерал Сабыр Рахимовтің кепілдемесін жіберген кезде өзбек ағайындар «ол қазақ деп іштарлық жасамай», бірден «өте жөн» деген мінездеме жіберген. Ал біздің Баукеңе қатысты Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президумына Мәскеуден келген кепілдеме құжаттың көшірмесі бар да, қайтқан ізі жоқ.
Мәселен, 1944 жылғы Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабуллиннің Баукеңе жазған бір емес бірнеше хатын сүзіп оқып шықтым. «Бауыржан Момышұлы Қазақ КСР-нің наркомы болсын» деген кепілдеме хатқа қатысты, батыр жазған хаттың бірінің қысқаша мазмұнына тоқталып өтейін: «Бауке, Алматыда жүріп мен осындағы азаматтардан қорықтым, – дейді ол. – Өйткені олар бізден қорқатын сияқты. Бұл шенеуніктер «Ертең соғыс біткенде бұлар (М.Ғабдуллин, Б.Момышұлы...) Алматыға келіп біздің орнымызды тартып алады» деп ойлайды. Сол себепті бұлар бізді Алматы түгілі Қазақстанға жолатуға қарсы» дейді. Бұл жазбалар әлгі жоғарыда айтқан 30 томдықтың ішінде хатталған. Менің ақиқаттың түбіне жету үшін архивтен-архивке барып, шаң басқан қағаздарды ақтарып, «ақ тер, көк тер» болуыма Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллин ағамыздың осы хаты себепші. Болмаса, 45 пен 46-ның арасындағы қылшылдаған жасында, қаһармандығын күллі әлем мойындаған Момышұлы зейнеткерлікке неге өте ерте шықты? Қазақстанда «қызмет» табылмағаны ма? Ойландыратын жайт. Біз тарихтан сабақ алуымыз керек. Қазір архивтерді қаузап ақтарған сайын Бауыржан Момышұлы шовинистік саясаттың құрбаны болды деген сөздің өзін айтуға ойланып қалып жүрмін. Әрине, «ұлы ресейлік шовинистік пиғылдың» болғаны ақиқат, ол туралы тарих бетіндегі «ақтаңдақтардан» анық байқаймыз да. Дейтұрғанмен, тағы бір айтқым келетін жайт, генерал Панфилов Баукеңді «Ленин» орденіне ұсынды, генерал Серебряков бір емес екі рет (!) Кеңес Одағының батыры атағына ұсынды, генерал Чистяков Баукеңді генералдық қызметке – дивизия командиріне ұсынды... Шындыққа, түбі жетуіміз керек.
– Соңғы жаңалықтардан Жеңіс күнінің қарсаңында Тараз қаласында Бауыржан Момышұлы музейі ашылады деген қуанышты хабарды құлағымыз шалды. Құтты болсын!
– Ол рас, айтулы күннің құрметіне орай қаламызда Бауыржан атамыздың музейі ашылады. Тараздағы батыр музейіне, Зейнеп жеңешем мен Ержан Бақытжанұлы бауырыма мың алғыс, атамның үйдегі көздің қарашығындай сақталған біраз мүлікті тапсырды. Бауыржан атамның кейде мауқын басып, саз шақырып ойнайтын сүйікті пианиносын да алып келдік. Сегіз қырлы бір сырлы болған ғой атамыз. Тарихи құжаттардың барлығын (аудио-видео таспалар, веб-сайт материалдары, қолжазбаларға дейін) үнемі түгендеп, еселеп қосып отырамыз.
Соғыс тарихында «жабайы дивизия» деген атауды алғаш айтқан немістің генерал-фельдмаршалы Эрих Гепнердің «Қазақтар соғыста ешқандай әскери жарғыға бағынбай соғысады. Ажалдан да қорықпайтын адамдар» деген жәдігер сөзін таптық. Оның Бауыржан Момышұлы туралы дивизия қолбасшысы Фон Брукке, тіпті Гитлердің өзіне де жеке жазған хаты бар дейді. Интернеттен шала-шарпы, жетімсіз дүниелер шықты. Түпнұсқа құжат неміс архивінде болуы әбден мүмкін. Сол себепті немістердің мемлекеттік архивіне хат жолдадық. Екінші, Куба! Өзіңіз білесіз, он күндік сапарына кубалықтар тағы 20 күн қостыруға әрекеттенген, бірақ Баукең «Кездесіп те, бәрімен әңгімелесіп те, лекциямды оқып та үлгеремін, маған қосымша он күн де жетеді» деген. Сол 20 күн оқиғасының құжаттарын мүмкіндігінше «ақтаруға» үміттеніп Куба Республикасының Қазақстандағы елшілігіне де хат жолдадық. Жамбыл облыстық өлкетану музейіне қарасты Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығының Кеңес Одағының батыры, даңқты қолбасшы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы туралы қазіргі қолға алып отырған жұмыс бағыты –осындай. Ерлік ескерусіз қалмауға тиіс!
– Байыпты да байсалды әңгімеңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен –
Талғат СҮЙІНБАЙ,
журналист, арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
АЛМАТЫ