• RUB:
    6.39
  • USD:
    518.53
  • EUR:
    588.17
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 16:47

Алматыда ашық аспан астындағы әскери музей ашылды

20 рет
көрсетілді

Алматыда Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Жауынгерлік даңқ музейінің жаңа «Ашық аспан астындағы музей» бөлімінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа экспозициға  30-дан астам түпнұсқа және қалпына келтірілген әскери техника үлгілері қойылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ашық аспан астындағы айрықша музейде барлық экспонат қалпына келтіріліп, техникалық сипаттамалар мен тарихи мәліметтер жазылған тақталармен жабдықталған. Экспозицияда Жеңістің символына айналған Т-34 танкі, аты аңызға айналған БМ-13 «Катюша» зымыран тасығышы, сондай-ақ Т-44 және Т-55 сияқты кеңестік танкілер бар. Сонымен қатар, БТР-40, БРДМ-1 және БРДМ-2 бронетранспортерлері, БМП-1 жаяу әскердің жауынгерлік машинасы, әртүрлі гаубицалар, минометтер, зениттік және далалық артиллерия құралдары қойылған.

Көрмеден ерекше қызығушылық тудыратын шетелдік сирек үлгілерді де көруге болады. Олардың арасында 120 мм «Финуляну» минометі (Швеция), 158 мм «Кебельверх-41» минометі (Германия) және 105 мм M-2A1 HOWITZER гаубицасы (АҚШ) бірден назар аудартады. Сондай-ақ, 203 мм БЛ-39 гаубицасы, 122 мм М-30 гаубицасы, 100 мм БС-3 далалық зеңбірегі, ЗПУ-2 және С-60 зениттік құрылғылары, ПМ-120 және М-240 минометтері сынды артиллериялық техника да көрме төрінен орын алған.

Іс-шараның ашылу салтанатына  Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Қарулы күштердің өкілдері мен ардагерлердің ұрпақтары қатысты. Жеңіс күні қарсаңында айрықша жобаны қолға алып, жаңа экспозицияны жасауға атсалысқан әскери қызметкерлер марапатталды.

Жауынгерлік даңқ музейі 1965 жылы құрылған және ол Алматыдағы әскери-патриоттық тәрбие берудің маңызды орталығы саналады. Музей топтамасы XIX ғасырдан қазіргі күнге дейінгі Қазақстанның әскери тарихын қамтиды. Негізгі қор майдангерлердің түпнұсқа құжаттары, фотосуреттері, хаттары, марапаттары мен жеке заттарынан тұрады. Материалдардың елеулі бөлігін генерал Панфиловтың қызы – Панфилов дивизиясының ардагері Валентина Панфилова тапсырған.