• RUB:
    6.35
  • USD:
    514.5
  • EUR:
    582.67
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 17:50

Мәжіліс төрағасы Мажар делегациясын қарсы алды

30 рет
көрсетілді

2025 жылғы 6 мамырда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мажарстан Ұлттық Ассамблеясының Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі тобының жетекшісі Шандор Фазекаш бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Мажар депутаттарын қарсы алған Ерлан Қошанов Қазақстан мен Мажарстанды берік стратегиялық серіктестік байланыстыратынын атап өтті.

«Қазақстан Еуропалық Одақтағы стратегиялық әріптесіміз Мажарстанмен тығыз ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Бауырлас елдерімізді тәуелсіздік, татулық пен ұлттық мәдениеттің ортақ құндылықтары біріктіреді. Ортақ тарихи мұрамыз жемісті диалог пен сан саладағы ықпалдастыққа арқау болуда. Біздің көшбасшыларымыздың арасындағы сенімді қарым-қатынас – осының кепілі. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қарашада Будапешт қаласына жасаған алғашқы мемлекеттік сапары стратегиялық әріптестігіміздің 10 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар», деді Мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов Мәжілістің Мажарстан Ұлттық Ассамблеясымен парламентаралық байланысты дамытуға үлкен мән беретінін баса айтты. Өткен жылы Будапешт қаласына сапар барысында екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, екіжақты қарым-қатынасты дамытуға берік негіз болды. Сондай-ақ Палата спикері мажар депутаттарының Қазақстанмен парламентаралық достық тобы аясындағы белсенді жұмысына назар аударып, Шандор Фазекашты Қазақстанмен достық тобының төрағасы болып сайлануымен құттықтады.

Өз кезегінде Шандор Фазекаш мажар қыпшақтарының қазақ халқына ыстық сәлемін жеткізді. Оның айтуынша, қазір олар Мажарстанда 50-ге жуық елдімекенде тұрып жатыр және ата-бабаларының тарихи отанымен байланысын ерекше бағалайды.

«Біз үшін түп-тамырымыздың бір болуының мәні зор. Осы деректі, осы мұраны болашақ ұрпаққа жеткізуге тырысамыз. 1990 жылдан бастап тарихи байланысымызды қайта орнатып, елдеріміз бен халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіре бастадық, мұны шынымен жоғары бағалаймыз. Мажар қыпшақтары және бүкіл мажар халқы үшін Қазақстанның тәуелсіз ел болуы маңызды. Қазір өркендеген мемлекетке айналып келе жатыр. Соның арқасында біз дипломатия, экономика және мәдениет салаларында берік байланыс орната алдық», деді Мажарстан делегациясының басшысы.

Тараптар ауыл шаруашылығы, экология, мәдени-гуманитарлық бағыттарда ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.

Мәжіліс төрағасы елдеріміздің Түркі мемлекеттері ұйымы мен ТүркПА аясындағы жемісті ықпалдастығын, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында мажар әріптестермен байланысты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Қазақстан мен Мажарстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін Шандор Фазекашқа II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.