Елордаға қазірдің өзінде екі дүркін Олимпиада чемпионы Таканори Нагасе (Жапония), Рио-2016 жеңімпазы Рафаэла Сильва (Бразилия), Париж Олимпиадасының чемпионы Беатриз Соуза (Бразилия) және отандасымыз, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев келіп үлгерген, деп жазады Egemen.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Татами шеберлері күні ертең Астанада жалауын желбірететін дзюдодан халықаралық Grand Slam жарысында бақ сынайды.
Ережеге сәйкес, жарысты қабылдаушы ел әр салмақта төрт спортшыға дейін қатыстыра алады. Бұл жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына және IJF әлемдік рейтингінде маңызды ұпайлар еншілеуіне жол ашады.
Әлемдік дзюдо аренасындағы ең жоғары дәрежелі жарыстардың бірі Grand Slam жеңімпаздарына - 1000, күміс жүлдегерге — 700, ал қола медаль иегеріне 500 рейтингтік ұпай беріледі. Бұл ұпайлар Олимпиада жолдамасына талас жолындағы шешуші мәнге ие.
Бұл жарыс Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіндегі әлем чемпионатына дейінгі соңғы ірі турнир. Ал ел құрамасының бапкерлері спортшылардың дайындығын осы сында нақты бағалай алады.
Халықаралық жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Кіру — тегін. Дзюдо додасын Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Айта кетейік, турнирге Париж олимпиадасының чемпионы, Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиадасының күміс жүлдегері, Токиода өткен ХХХІІ жазғы Олимпиадасының қола жүлдегері Елдос Сметов қонақ ретінде қатысады.