• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:40

«Хат жазған қалам алып қан майданнан»

30 рет
көрсетілді

Жеңістің 80 жылдығына орай Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлт­тық уни­верситеті кітапханасында «Хат жаздым қалам алып қан майданнан» атты кі­таптың таныстырылымы өтті. Оған Пар­ламент депутаттары, қоғам қай­рат­керлері мен зиялы қа­уым өкілдері қатысты.

Жинақта Кеңес Ода­ғының батырлары Бауыржан Момыш­ұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әлия Мол­­­дағұлова және майдангер-жазу­­шы Әзілхан Нұршайықовпен бірге есімдері беймәлім 130 қазақ жауынгерінің майданнан жаз­ған хаттары топтастырылған. Соны­мен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз әке­сінің соғыстан оралмаған туған ағасы Қасым туралы естелігі берілген.

Мұндағы хаттардың дені – Ұлттық ғылым академиясының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорынан алынған. Кітаптың жалпы редакциясын уни­верси­тет ректоры, академик Ерлан Сыдықов басқарған. Маз­мұнды іс-шара барысында ол аталған жинақты осы оқу орны ғалымдары дайындағанын ерекше атап өтті.

«Кітапқа майданнан жазылған хаттар жинақталды. Оның ішінде бұрын еш жерде жарияланбаған хаттар бар. Біз осы жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Өйткені әлі күнге дейін көптеген қазақ отбасында жақындарының соғыстан жазған хаттары сақталған. Шын­дығында, мыңдаған хат әлі жарық көрмей жатыр. Бір жағынан, қанды қырғынның қасіретін ұғынуға мұрағат дүниелері аздық етеді. Соғыс сұмдығын сол оттың ортасында жүрген жауынгерлердің елдегі туған-туысқандарына жаз­ған хаттары да ашып бере алады. Осылай біз жас ұрпаққа соғыстың қатыгез бейнесін түсіндіріп, бейбітшіліктің құнын біле аламыз», деді Е.Сыдықов.

Жинақтағы хаттар жақсы сұ­рып­талған. Мұнда қазақ жауын­гер­лерінің мөлдіретіп жазған көңіл сырлары мен сол ауыр кезең­­дегі көріністер шынайы ай­шық­талған.

Таныстырылымда сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Қуа­ныш Сұлтанов жаңа жинақ­тың іші толған тағдыр мен тарих екенін жеткізді.

«Бұл кітапты жайбарақат оқи алмайсыз. Қазіргі жастарға соғыс­тың зұлматы қандай екенін ұғындыратын құнды еңбек. Мұра жинау оңай емес. Майданда құр­бан бол­ған аталарымыздың ерлігі ешқашан ұмытылмасын», деді ол.

Сондай-ақ іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткерлері Сауытбек Аб­драх­манов, Дархан Мыңбай, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса, Мемлекеттік Ел­таңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, жазушы Шәрбану Бейсенова сөз алып, бағалы еңбектің құндылығы туралы парасатты ой қозғады.

Соңғы жаңалықтар