Абай облысының мемлекеттік архив мекемесін аралап жүріп, дәл отыз жасында оққа ұшқан қазақтың батыр ұлы Тәттібек Түсіпбаевтің (1915–1945) фотосуреті мен оған қатысты деректі көзім шалды.
Архив деректеріне сүйенсек, Тәттібек Түсіпбаев 1939 жылы Семейде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша институт бітірген. Еңбекке енді араласа бергенде, 1941 жылы желтоқсан айында Жаңасемей аудандық әскери комиссариаты майданға әкетеді. І, ІІ Беларусь майданына қатысып, соғыста екі рет жараланды. Алайда оның қайтпас қайсарлығы мен жауынгерлік шеберлігі үшін, батальон бөлімшелерін ерекше басқара білгені үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады.
«Үлкен атам Тәттібек Түсіпбаев 1941 жылы соғыс басталысымен елін қорғауға майданға аттанды. Атамыз – 65-атқыштар дивизиясының 451-атқыштар полкінде батальон командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары болып елін жаудан қорғаған, бес жыл бойы қан майданда жанын аямай күрескен қаһарман жауынгер. 2015 жылы атамыз ұрпақтарының атынан ағам Бауыржан Тәттібеков отбасымен Германияға арнайы сапармен барып, Берлин қаласы Марцан бауырластар зиратын тапты. Үлкен атамыздың қабіріне естелік белгі мен суретін қойып, туған жердің топырағын апарып, зиярат етіп қайтты. Атамның майдан даласынан еліне, отбасына жазған сағынышты хаттары әлі сақтаулы. Жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің саны азайғанмен, олардың жасаған ерлігі біз сияқты бүгінгі ұрпақ санасында мәңгі қалмақ» дейді ұрпағы Әділжан Болатов.
1945 жылдың 24 сәуірінде Берлин түбіндегі шайқаста Т.Түсіпбаев 6-атқыштар ротасын басқарды. Рота ұрыстың дұрыс ұйымдастырылуының арқасында қауіпті нүктеге бірінші басып кіріп, жертөлелер мен шатырлардағы 10 пулеметті, 2 зениттік зеңбіректі, өздігінен жүретін зеңбіректі жояды. 68 немісті тұтқынға түсіреді. Бұған қоса 100 мм зеңбірек, 3 пулемет, 3 автокөлік, 60 винтовканы олжалайды.
Тәттібек Түсіпбаев Жеңіске алты-ақ күн қалғанда, яғни 1945 жылы 2 мамырда Берлин шайқасында Рейхстагқа шабуыл кезінде мергеннің оғынан ерлікпен қаза тапқан. Майдангерге көзі тірісінде «Қызыл Жұлдыз» ордені берілсе, қаза болғаннан кейін І дәрежелі «Отан соғысы« орденімен марапатталған.
Абай облысы