Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы әлі толық зерттелген жоқ. Былтыр Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасына назар аударды. Бұл жобаны атыраулық әскери тарихшы Жұмабай Доспанов қолға алған еді. Мақсат – 1941–1945 жылдардағы сұрапыл соғыстың тарихын зерттеу, отандық майдангерлердің ерлігін кейінгі буынға кеңірек насихаттау. Осы орайда Жұмабай Доспановпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Жұмабай Орынғалиұлы, бұл жобаны іске асыру қашан басталып еді? Оған не түрткі болды?
– Кеңес дәуірінде көп мәлімет ашық айтылмады. Оның ішінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, түрлі марапатқа ұсынылғанымен, ерлігі ескерусіз қалған қазақ майдангерлері аз емес. Міне, осындай себептен 1994 жылдың көктемінде сол кездегі «ҚазақТүрікМұнай» бірлескен компаниясының бас директоры Бақтықожа Ізмұхамбетов, Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев үшеуміз жоспар құрған едік. Сұрапыл соғыста қан кешкен майдангерлердің ерлік жолын терең зерттеуді мақсат тұттық. Көздегеніміз – Жеңістің 80 жылдығына дейін 80 томдық кітап шығару. Осы кезге дейін әрқайсысы 7 кітаптан тұратын 56 том жарыққа шықты. Енді маусым айында тағы 24 томды жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.
– Ауқымды жобаны іске асыруда қандай деректерді зерттедіңіздер?
– Әрине, бұл – оңай іске асырылатын жоба емес. Неге? Өйткені архивтегі деректерге қол жеткізу қиындық тудырды. Қолға түскен деректерді саралап, жүйеге келтіру біраз уақыт алды. Мәселен, 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» деп аталатын 10 томдық кітапты баспадан шығардық. Елімізде бұрын дәл осындай деректер қамтылған кітап болмаған еді. Бұл кітаптарға 8 400-ден аса қазақ офицері туралы мәліметті құжатымен енгіздік. Олар Қазақстанда, өзге де республикаларда дүниеге келген. Оның ішінде 120 офицер батальон басқарған. Артиллерия дивизионына – 20, авиация эскадрильясына – 2, партизан отрядына 7 қазақ офицері жетекшілік еткен. Подполковник шеніне сай командирлердің саны – 149. Ал аталған әскери құрылымдардағы аға офицер-майор шеніндегі қызметтерді атқарған қандастар аз емес. Мәселен, комиссар міндетін 55 офицер атқарыпты. Бұған қоса 162 қазақ офицері командирдің саяси орынбасары, 145-і сап жөніндегі орынбасары, ал 79 қандас штаб бастығы болған.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында дайындалған 25 томдыққа 12 056 қазақ офицері енгізілді. Олардың арасындағы 654 қандасымыз өзге елде туған. Алдыңғы кітаптағы аға буын лауазымында болған 590 сардардың саны енді 961-ге жетті. Оның ішінде 185-і – батальон, 39-ы дивизион командирі болғаны нақтыланды.
Полк басшылығында қызмет атқарған қандастар туралы көрсеткіш те айтуға тұрарлық. Полк командирі – 16, полк комиссары – 10, полк командирінің саяси орынбасары – 13, полк командирінің сап бойынша орынбасары – 33, өзге орынбасарлар – 3, штаб бастығы – 20, авиаполк штурманы – 2, полк комиссарының орынбасары – 5, полк партия бюросының секретары – 66, полк қызметінің бастығы – 143, полк командирі мен штаб бастығының көмекшілері – 73. Барлығы 384 қазақ полкте аға офицер қызметін атқарған.
Бригада басшылығында аға офицер-майор шеніндегі міндетті атқарғанын айтпағанның өзінде подполковник қызметіндегі қазақтар аз емес. Мәселен, партия комиссиясының секретары – 7, бригада қызметінің бастығы – 13, саяси бөлім бастығының орынбасары – 6, штаб бөлімшесінің бастығы – 6. Барлығы – 32.
Дивизия басшылығында подполковник шені бар офицерлерге жүктелетін лауазымды атқарған қандастарымыз да бар. Партия комиссиясының секретары – 7, дивизия қызметінің бастығы – 14, саяси бөлім бастығының орынбасары – 3, штаб бастығының орынбасары – 3, штаб бөлімшесінің бастығы – 9. Барлығы – 36.
Корпустағы подполковник шеніне лайық лауазымда болғандар дерегі мынадай: саяси бөлімнің аға нұсқаушысы – 5, әскери трибуналдың мүшесі – 1, артиллерия штабы бастығының көмекшісі – 1, саяси бөлімнің инспекторы – 2, саяси бөлімнің үгітшісі – 1, штаб бөлімі бастығының аға көмекшісі – 5, бөлім бастығының көмекшісі – 6. «СМЕРШ» қарсы барлаудың полк, бригада, дивизия, корпус штабтары жандарындағы жедел өкілетті лауазым 59 қазаққа жүктелген.
– Соғыстағы ерлігі ескерілмей қалғандар туралы деректерге тоқталсаңыз...
–Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Не ставшие Героями Советского Союза» деген атаумен 3 томдық кітап шығардық. Бұл атаққа ресми ұсынылған, бірақ берілмеген бұрынғы 15 одақтас републикадан 8 097 майдангер бар екен. Мәселен, алдыңғы бестікте Ресей (5 118), Украина (1 521), Қазақстан (417), Беларусь (224), Өзбекстан (157) елдері бар. Ресейдегі 5 аймаққа Алтай өлкесі (227, біреуі – қазақ), Мәскеу облысы (182), Орынбор облысы (176, бесеуі – қазақ), Татарстан (176) мен Саратов облысы (176, үшеуі – қазақ) кіреді. Ал 56 ұлттың бірінші ондығына мыналар енеді. Олар – орыс (5 304), украин (1 443), белорус (214), татар (179), қазақ (166), өзбек (102), армян (85), грузин (83), еврей (80), әзербайжан (64).
Ал Кеңес Одағының батыры атағына бірнеше рет ұсынылса да берілмегендер арасындағы қазақтың ержүрек ұлдары бар. Өзге ұлттың бір өкілі 4, ал тоғызы батыр атағына 3 рет ұсынылған ғой. Соғыстағы ержүректілігі үшін 207 майдангер 2 рет ұсынылыпты. Дәл осы топта 22 қазақстандық болған. Оның ішінде 6 қазақ бар.
Сол алты батыр қазақ кім еді? Олар – Зейтен Байжанов, Қабыш Көктаев (Павлодар облысы), Құдайберген Жансеріков, Мінайқұл Сағындықов (Алматы облысы), Сағадат Нұрмағамбетов (Ақмола облысы) пен Сейітхан Темірбаев (Қостанай облысы).
Орал қаласының тумасы Любовь Тележинская да – батыр атағы берілмеген отандық майдангердің бірі. Ол 301-атқыштар дивизиясының 1 052-атқыштар полкінде Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге екі жарым жыл соғысқан.
– Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Қару мен қалам» атты тарихи-құжатты анықтамалық кітап жарыққа шықты. Кітапқа қанша қаламгердің дерегі енді?
– Президенттің Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге байланысты берілген тапсырмасына орай осындай кітап жарыққа шықты. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның жетекшілігімен «Қару мен қалам» атты майдангер-қаламгерлер хақындағы кітапты шығару үшін тек жеке құжат деректерін іздестіріп, зерттеу жүргіздім. Бұрын 70-80 қаламгердің дерегі белгілі болған. Бұл – 224 беттік тың кітап. Оған 215 майдангер-қаламгердің дерегі енді.
– Соғыс кезінде қазақ тілінде де газеттер шығып тұрды емес пе?
– Екінші дүниежүзілік соғыс басталған 1941 жылдың 1 шілдесінде кеңес одағындағы қазақтардың саны 3 млн 220 мың болған. Соғысқа 18-60 жас аралығындағы 575 мың қазақ алынған. Қызыл армия құрамындағы 22 майданның 15-інің құрамындағы қазақтар саны 30 мыңнан асқандықтан, майдандық әскери кеңестерінде майдандық газеттер жанынан қазақ редакциялары ашылды. Былайша айтқанда, 15 майдандық газет шығып тұрған.
Мәселен, 2-Қиыр Шығыс майданында жарық көрген «Дабыл» газетінің редакторы майор Ж.Аймұратов болса, капитан Р.Айтжанов, ұйымдастырушы-тілші, аға лейтенант Е.Қалиев, тілші-ұйымдастырушы, тілші-ұйымдастырушы аға лейтенант Ж.Тілеков жұмыс істеген. Ал Брянск майданында «Жауды жоюға!» газетінде аудармашы, аға лейтенант Ә.Тұрымбетов, 1-Балтық жағалауы майдандық «Жауға қарсы аттан!» газетінің редакторлары – майор С.Машақов, майор О.Нұрсейітов, майор Ж.Аймұратов, әдеби қызметкерлер капитан А.Закарин, аға лейтенант Д.Әбілев, лейтенант Қ.Көпішев, лейтенант С.Омаров, аудармашы капитан Ә.Тұрымбетов, тілші капитан Е.Тасанбаев.
Ал «Қызыл армия» газетін І Беларусь майданында тілші-ұйымдастырушылар лейтенант Т.Ақшолақов, лейтенант Қ.Әбдіқадыров, капитан М.Дінішев шығарып тұрған. «Қызыл әскер ақиқаты» газетінде капитан Ғ.Әбішев әдеби қызметкер, аға лейтенант Х.Нұрмұхамедов тілші-ұйымдастырушы дайындап отырған. «Майдан правдасы» Волхов майдандық газетін шығаруға редакторы капитан Н.Қурабаев, ІІ Беларусь майданында газет редакторы майор А.Елшібеков, тілші-ұйымдастырушылар капитан Ж.Молдағалиев, капитан С.Есбатыров, аудармашылар политрук Р.Айтжанов, әкімшілік капитаны С.Сейітов, лейтенант С.Мәуленов атсалысқан. «Отан намысы үшін» Воронеж майдандық газетінің редакторы аға лейтенант С.Құлбабаев, редакциясында аудармашы аға лейтенант К.Сүгірбеков ұйымдастырған. І Украин майдандық газетіне майор С.Құлбабаев жетекшілік етсе, аға лейтенант Ш.Кәрібаев тілші-ұйымдастырушы қызметін атқарған.
«Отан үшін!» Солтүстік-Батыс майдандық газетінің жауапты редакторы капитан К.Усманов, әкімшілік лейтенанты С.Сейітов қазақ редакциясында аудармашы болған. Кейін майор К.Уманов ІІ Беларусь майдандық газетіне жауапты редакторы ретінде қол қойған. Ал «Отан үшін ұрысқа!» газеті Карель майдандық газеті болған. Оған майор Н.Қурабаев редактор болса, тілші-ұйымдастырушылары капитан Р.Айтжанов, капитан Т.Қорабаев, Б.Жұмағалиев, аудармашысы – аға лейтенант Ә.Бектемісов.
«Отанды қорғауда» Ленинград майдандық газетінің жауапты редакторы майор К.Усманов, лейтенант Т.Әшімбаев аудармашы, редактордың орынбасары, аға лейтенант А.Сыздықбеков тілші-ұйымдастырушы міндетін абыроймен атқарды. «Совет жауынгері» газеті Оңтүстік-Батыс майданы, ІІІ Украин майданында шығып, қазақ редакциясының редакторы майор Ы.Дүйсенбаев, ал майор Ә.Сәрсенбаев әдеби қызметкер, капитан Н.Айдарғалиев тілші-ұйымдастырушы, лейтенант Ж.Сейітқазиев корректор болған. Өзбек редакциясының редакторы – майор Ф.Камалов.
«Сталин туы» газеті Оңтүстік майданында, кейін ІV Украин майданында шығарылып, газет редакторы ретінде майор Ә.Ипмағамбетов, лейтенант Қ.Әбдіқадыров әдеби қызметкер болған. «Сталиндік жауынгер» газетінде аға лейтенант Ә.Бектемісовке аудармашылық міндет жүктеліпті. Забайкалье майданында «Суворовский натиск» газетін майор С.Елагин майдан өмірі бөлімінің меңгерушісі, лейтенант Қ.Көпішев тілші-ұйымдастырушы ретінде дайындаған. Ал «Суворовец» басылымы 2-Балтық жағалауы майданында кең таралып, оның қазақ редакциясы бойынша тілші-ұйымдастырушысы капитан Қ.Сүлейменов болған.
– Соғыстан кейін есімі кеңінен танылған қаламгерлерді атап өтсеңіз?
– Шындығында елімізде соғыстан кейінгі танымал болған қаламгерлердің арасында майдангерлер аз емес. Мәселен, Кеңес Одағының батырлары Мәлік Ғабдуллин, Иван Воронин, кейін Кеңес Одағының батыры атағы берілген Бауыржан Момышұлы бар. Бір қызығы, Иван Воронин 1945 жылы ақпан және наурыз айында Кеңес Одағының батыры атағына екі рет ұсынылғанымен, алғашқыда оған Александр Невский ордені берілген. Ол соғыс аяқталған айдың соңында ғана батыр атанды.
Тағы бір деректі айтайын, Владимир Зятьков алғашқыда 1944 жылы, кейін 1945 жылы Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылыпты. Бірақ оның ерлігі бастапқыда «Жауынгерлік Қызыл Ту», одан соң «Ленин» орденімен бағаланыпты. Ал Егемқұл Тасанбаевқа 1957 жылы бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Батыр атағына ұсынылғанымен, ерлігі еленбеген қаламгерлер арасында Михаил Васильченко, Анатолий Гайдин, Василий Юров, Василий Явров бар. Оларды «Ленин», «Жауынгерлік Қызыл Ту», ІІІ дәрежелі «Суворов» ордендерімен марапаттаумен шектелген.
Қазақ қаламгерлері арасынан Қасым Қайсенов Қазақстанның Халық Қаһарманы, Әбдіжәміл Нұрпейісов Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Ақын Жұбан Молдағалиев пен жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовке КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Кеңес Одағының батыры атағы берілмесе де, сұрапыл соғыста батылдығымен танылған әр майдангердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Өйткені олар – бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған қаһармандар.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Атырау облысы