• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ Бүгін, 10:00

Берлин операциясы: шындығы мен шығыны

60 рет
көрсетілді

1941–1945 жылдары Екінші дүние­жүзілік соғыста сан қилы шайқас болды. Кеңестік және германдық екі тарап бір-біріне қарама-қарсы бірнеше соғыс операциясын жүргізді. Солардың арасында кеңестік армияны жеңіске жеткізген, қаншама қан төгілген – Берлин операциясы. Оған елімізде жасақталған 3 ат­қыштар дивизиясы, 1 артиллерия, 2 атқыштар полкі қатысты.

Берлинге шабуыл

Екінші дүниежүзілік соғыста «Бер­лин операциясы» атымен әйгілі аса ірі шабуыл 1945 жылғы 16 сәуірден 8 мамырға дейін 23 күнге созылды. Операция барысында кеңес әскерлері батысқа қарай 100-ден 220 шақырымға дейінгі қашықтыққа жылжыды. Соғыс майданының ені 300 шықырымды құрады. 1945 жылғы сәуірдегі әскери-саяси жағдай кеңестік қолбасшылықтан Бер­лин бағытындағы неміс әскерлерінің топтарын жоюды, Берлинді басып алуды, Эльба өзеніне шығып батыс одақ­тастарының әскерлерімен қосылуды, опе­рацияны қысқа мерзімде дайындап, жүр­гізуді талап етті.

1945 жылдың басында Еуропадағы соғыс Берлин шайқасымен аяқталатыны белгілі болды. Бірақ Германия астанасына кім бірінші жетеді, Батыс одақ­тастарының әскерлері немесе кеңес әскері ме деген сұрақ ашық күйінде қалды. Ал шын мәнінде Берлин үшін ақ­тық айқас кеңес қолбасшылығы ен­шісінде болып, шаш етек шығын мен ауыр айқас кеңес әскерінің мойнына жүктелді.

Берлин операциясы миллиондаған сарбаз, жүздеген мың техника, артиллерия мен авиация қатысқан және әскери-саяси нәтиже бойынша да табысқа қол жеткізілген Екінші дүниежүзілік соғыстың ірі операцияларының бірі болды. Кеңес әскерлері Шығыс Еуропа арқылы өтіп үлгерді және Берлинге те­зірек жетуге бел байлады. Осы әскери-стратегиялық шабуыл операциясында Кеңес армиясы неміс-фашист әскерін талқандады. Аса ірі шабуылмен Берлинді басып алды және гитлерлік Германияны капитуляцияға мәжбүрледі.

1945 жылы сәуірдің басында кеңес-герман майданында 11 неміс-фашист армиясының құрамына кіретін 167 дивизия, 14 бригада, 30 жауынгерлік топ және 17 дивизияның қалдықтары әрекет етті. Берлинді және оның маңын қорғауға үш армия бөлінді (9-дала, 3- және 4-танк). Оларда бір миллионға дейін сарбаз бен офицер, 10 400-ге жуық қару-жарақ пен миномет, 1500 танк пен шабуылдау зең­бірегі бар 85 дивизия болды. Олардың іс-қимылын әуеден Берлиннің 6-әуе флоты мен әуе қорғаныс күштері авиациясының 3300 ұшағы қолдады.

Германия толық капитуляцияланғанға дейін фашистік армияның басты күштері кеңес армиясына қарулы қарсылық көр­сет­ті. Одер мен Нейсе өзендері бойын­дағы майданда фельдмаршал Фердинанд Шёр­нер басқарған «Орталық» армия топ­тарының бір бөлігі мен генерал-полковник Хельмут Хайнрицидің «Висла» ар­мия­сының жауынгерлік топтары қорғады.

Кеңес қарулы күштерінің Берлинге батыл шабуылын күте отырып, неміс-фашист қолбасшылығы ірі күштерді Одер мен Нейсе бойына шоғырландырып қана қоймай, Германия астанасының маңында қорғаныс шекараларының қуатты жүйесін құрды. Қорғаныс жұ­мы­сына әскерлер, жергілікті тұрғын­дар, әскери тұтқындар мен шетелдік жұмысшылар тартылды, бұл астана айналасындағы қорғаныс қоршауларын қоса алғанда, жалпы көлемі 90 шақы­рымға дейінгі Одерден Берлинге дейін­гі қорғаныс құрылысының тұтас жү­йесін құруға мүмкіндік берді. Одер бо­йындағы үш қорғаныс жолағы және Берлиннің қоршаулары атыс құрал­дарымен, миналық қоршаулармен, атыс құралдарына арналған бетондалған құ­рылыстармен, танкіге және жаяу әскерге қарсы кедергілермен, айналма қор­ғанысқа бейімделген қуатты тірек пункттерімен тығыз қорғанды. Берлинде тоғыз қорғаныс секторы құрылды.

Одер мен Берлин арасындағы жер қорғаныс үшін тиімді болды. Зееловск биік­тіктері, Одер, Нейсе, Дама, Шпрее өзендері, арналардың, темір және тас жолдардың қалың желісі, тас ғимараттары бар қалалардың көптігі – осының бәрі келе жатқан әскерлердің іс-қимылын қиындатты. Одер мен канал­дардағы су деңгейінің көтерілуін пайдалана отырып, олар шабуылды қиындату үшін бірқатар ауданды су басуға дайындады.

Одерде табанды қарсылық көрсете отырып, гитлершілер бір мезгілде Германия астанасын қорғауға мұқият дайын­далды. Берлин қорғаныс ауда­нының үш айналма жолы болды, ал қалада тоғыз қорғаныс секторы құрыл­ды. Берлинді қорғау туралы арнайы бұйрықта әскерлер әр көше, әр үй үшін шайқасуға тиіс екені айтылды.

 

Алапат шайқас

Неміс қорғанысының мықтылығын, шабуылға арналған жергілікті жердің қиын жағдайын, неміс-фашист топта­рының ірі күштерін, Берлин маңындағы және қаланың өзінде шайқастарда қатты қарсылықтың болатынын КСРО Жоғарғы Бас қолбасшылығы жақсы білді. Сондықтан Бас қолбасшылық Германия астанасын иелену жөніндегі операцияны жүргізуге үш майдан тобын қатыстырды: І Беларусь майданы – қолбасшысы маршал Г.К.Жуков, ІІ Беларусь майданы – қолбасшысы маршал К.К.Рокоссовский және І Украин майданы – қолбасшысы маршал И.С.Конев. Олардың құрамында 159 ат­қыш­тар дивизиясы (2,5 млн адам, 6250 танк және АБЖ, 41 600 қару-жарақ пен миномет, 7500 ұшақ) болды.

Берлинге шабуылдауда негізгі рөл маршал Г.К. Жуков қолбасшылық еткен І Беларусь майданына берілді. Бұл майдан Берлинге баратын ең қысқа жолдағы кеңес әскерлерінің стратегиялық тобының орталығында орналастырылды. Оның басқа майдандармен салыстырғанда әскери күштері мен құралдары басым еді. Оған Берлинге 4 жалпыәскери және 2 танк армиясының күштерімен басты соққы жасау, қарсыластың қорғанысын бұзу, 9-неміс армиясының негізгі күшін Берлинге кіреберісте жеңіп, Германия астанасын басып алу міндеті қойылды.

Маршал К.К.Рокоссовский қолбас­шылық еткен ІІ Беларусь майданының әскерлеріне – Шведт қаласының сол­түстігіндегі учаскеде Одер өзенін басып өту, қарсыластың 3-танк армиясын талқандау, оның Берлин ауданына кетуіне жол бермеу міндеті жүктелді. Опе­рацияның 12-15 күні Деммин, Варен, Виттенберг қалаларының шебіне шығып, Берлин үшін ұрыс кезінде солтүстіктен І Беларусь майданының басты күштерін қамтамасыз ету ұйғарылды. Осы мін­детті орындауға майдан қолбасшысы үш армиядан, бір кавалериялық, бір механикаландырылған, үш танк корпусынан тұратын соққы беретін топ құрды.

Маршал И.С.Коневтің басшы­лы­ғындағы І Украин майданына Гросс-Гастрозе, Пенцих шекарасынан ша­буылға өтіп, Шпремберг, Бельциг бағы­тында 4 жалпыәскери және 2 танк армия­сы­ның күштерімен басты соққы жасау ұй­ға­рылды. Ол жаудың 4-танк армия­сын тал­қандап, операцияның 10-12 күндері Белиц, Виттенберг шебіне, одан әрі Эльба бойымен Дрезденге дейін жетуі керек болды. Осымен І Беларусь майданы әс­керінің оңтүстігінен сенімді қор­ға­нуға қол жеткізілді әрі Берлинге Чехо­сло­ва­кияда әрекет еткен «Орталық» әскер то­бының құрамаларының келуіне жол берілмеді.

Берлин операциясы 16 сәуірде бас­талып, І Беларусь және І Украина май­дандарының әскері осы күні шабуылға көшті. ІІ Беларусь майданы (қолбасшы К.Рокоссовский) 18 сәуірде шабуылға шықты. Оның әрекеттері де Берлинді алу үшін үлкен маңызға ие болды, себебі олар кеңестік соққы күштерінің оң жақ қанатын жауып тұрды. 16-19 сәуір аралығында кеңес әскерлері қарсыластың Одер-Нейсе қорғаныс шебін жарып өтті. Г.Жуковтың әскері жаудың бірінші қорғаныс жолағынан өте жылдам өтті. Олардың шабуылына 4 мыңға дейін танк, 22 мың артиллерия ұңғысы, 4 мыңға жуық ұшақ қолдау көрсетті. Операцияның алғашқы күнінде ғана жау позицияларын бомбалауға ұшақтар 15 мың мәрте әуеге көтерілді. Алайда келесі күні немістер есін жиып, олардың қарсылығы Зееловск биіктіктеріне жақындаған сайы­н күшейе түсті. Берлинге өтуде бөгет болған осы биіктіктерді ұстап тұруға немістер басты күшін жұмылдырды. Бұл жерде кеңес әскерлері ерекше шы­ғынға ұшырады. Соған қарамастан, неміс жоғары қолбасшылығы осы аймақта кеңестік шабуылдың үдей түскенінен қорқып, Берлинге жақын орналасқан барлық дерлік резервтерді және неміс астанасын тікелей қорғайтын әскердің бір бөлігін осында әкелді. Кеңес әскері үшін бұл әрекет оңды болды. Бұл кейінірек Г.Жуков атап өткендей, жаудың «үлкен қателігіне» айналды: «Берлиннен және оның төңірегінен жақындап келе жатқан резервтерді кеңестік ұшақтар мен танктер қиратты. Сондықтан кеңестік әскерлер Берлинге шабуыл жасағанда қаланың кейбір аудандары жалаңаш қалды. Резервтерді Берлин ауданынан шығара отырып, қарсылас үздіксіз қорғаныс же­лісін бұзып, неміс астанасының қор­ғанысын әлсіретті және алда келе жатқан күшті шабуылға қарсы тұра алмады.

21 сәуірдің аяғында І Беларусь май­да­нының 2-гвардиялық танкі, 3-және 5-соққы жасаушы армиясы Бер­линнің сол­түстік-шығыс шетіне жетті. Алдыңғы әскерлердің бір бөлігі қаланы солтүстіктен ай­налып өтіп, Эльбаға қарай жылжыды. 24 сәуірде Бранденбург ауданында бі­ріккен І Беларусь және І Украин май­дандарының әскери құра­малары Бер­лин­дегі неміс әскерінің қоршауын жапты. 25 сәуірде І Украин май­данының әскері Эльбада генерал О.Бред­лидің 12-аме­ри­калық армия тобының әскерімен кездесті.

Кеңес әскерінің ілгерілеуі герма­ния­лық қолбасшылықты састырды. Олар Рейхстагтың қорғанысын күшейтуге 28 сәуірге қараған түні Берлиннің орта­лы­ғына парашютпен теңіз жаяу әскері батальонын лақтыруға мәжбүр болды. Сөйтіп, кеңес әскері Рейхстагқа барар жолда қатты қарсылыққа кездесті. Сол күні Берлиннің әскери коменданты Н.Э.Берзариннің Берлиндегі биліктің то­лық кеңестік әскери комендатураның қолына ауыстыру туралы №1 бұй­рығы шық­ты. Қала тұрғындарына Герма­нияның ұлтшыл-социалистік партиясы мен оның ұйымдарының таратылатыны, олар­дың қызметіне тыйым салынатыны жа­рияланды. Бұйрық сондай-ақ халық­тың мінез-құлық тәртібін белгілеп, қа­ла­да­ғы өмірді қалыпқа келтіруге қажетті негізгі ережелерді белгіледі.

28 сәуірде ІІ Беларусь майданының әскерлері неміс әскерлерінің маңызды қор­ғаныс пункттері – Эггезин, Торгелов, Пазевальк, Штрасбург, Темплин қала­ларын шайқаспен алды. Кеңес әскерлері 15-30 шақырымға алға жылжып, Штеттин айлағының оңтүстік жағалауын тазартып, 285 елді мекен мен 49 теміржол стансасын басып алды. Сол күні Әскери кеңес шешімімен Рейхстагты басып алуға тағайындалған батальондардың жауынгерлеріне қызыл тулар таратылды. Бұл әрекет әскери жауынгерлерге шабыт берді. Бөлімше командирлері Рейхстагқа бірінші болып кірген жауынгерді Кеңес Одағының батыры атағына ұсыну туралы тапсырма алды.

Үкімет ғимараттарын иеленуге генерал В.М. Шатиловтың 150-атқыш­тар дивизиясының және полковник А.И.Негоданың 171-атқыштар дивизия­сының бөлімдеріне бұйрық берілді. Германия астанасындағы шайқас үдеді. 29 сәуірде Рейхстаг үшін қанды қырғын бас­талды. Берлин операциясына қазақ­стандық 118, 313-атқыштар дивизиялары, 209-атқыштар полкі қатысты. Берлин ратушасын алуда 118-атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К.Ма­денов, ал көше шайқастарында И.Б.Мадин, Рейхстагка ту тігуде Р.Қош­қарбаев ерлік көрсетті. Айтпенбет Нақыпов Одерден Петерсфельд қаласына дейін танкпен келді. Соғыстан кейін А.Нақыповтың танкі қала алаңына ескерткіш ретінде қойылды. Рейхстагқа шабуыл жасау құрметіне ие болғандар қатарында қостанайлық 151-атқыштар бригадасы негізінде 1943 жылдың со­ңында құрылған 674-атқыштар полкі де бар еді. Осы полктің 1-батальоны 30 сәуір күні үшінші шабуылдан кейін Рейхстаг ғимаратына алғашқылар қатарында енді. Рейхстаг төбесіне взвод командирі лейтенант Р.Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Г.Булатов бірінші болып Жеңіс туын қадады.

 

Операцияның аяқталуы

Дәл осы күні, яғни 30 сәуірде А.Гитлер кеңес жауынгерлерінің басшылық жайғасқан кеңсе аумағындағы бункерге енуін күтпестен өз-өзіне қол жұмсады. Ол Германияның астанасын тастап кеткісі келмеді, өйткені оның қатысуы неміс солдаттарын жігерлендіріп, әскерлерге жоғары жауынгерлік рух сыйлайды деп шешті. Бірақ оның үміті ақталмады. Өмірінің соңында ол кеңес одағына шабуыл жасап, үлкен қателік жасағанын мойындады. Өз-өзіне қол жұмсаған күні ол Ева Браунмен бірге кеңсесінде қамалып отырды. Бірнеше минуттан кейін оқ атылды. Гитлер мен оның әйелінің мәйітін жанармай құйып, оны қасындағылар кеңсенің ауласында өртеп жіберді. Үгіт-насихат министрі Дж.Геббельс те өз-өзіне қол жұмсады. 2 мамырда жаудың қарсылығы толығымен тоқтатылды. Қала қорғанысының қол­басшысы генерал Г.Вайдлинг бастаған Берлин гарнизонының қалған бөліктері берілді. Осы күні бүкіл Берлин қала­сының әскери күші қаруларын тастады. 3 мамырда қолбасшы Г.Жуков Рейхс­тагты аралап, оның ішкі жағына көптеген кеңес жауынгері сияқты өз қолтаңбасын қойды. 5 мамырда қаланың шет аймақтарынан батысқа қарай шепті бұзып өтуге әрекеттенген ұсақ топтар жойылды. Екі күннен соң үш майданның әскерлері Эльба алабында ағылшын-американ әскерлерімен кездесті. 8 мамыр күні сағат 22-ден 43 минут өткенде Берлин қаласы жанындағы Карлсхорст деген жерде германдық қолбасшылар өкілдері тізе бүгу туралы актіге қол қой­ды. 9 мамыр   Жеңіс күні болып жарияланды.

Берлинде неміс әскерінің жалпы шығыны 880 мың адамды қамтыды. Оның 400 мыңы қаза тапса, 480 мыңы тұтқынға алынды. Фашистік Германия жаяу әскерден тұратын 70 дивизиясынан, моторлы техникалы 23 дивизиясынан айрылды. Берлин операциясы кезінде кеңестік әскердің жалпы шығын саны 352 мыңға жетті. Оның ішінде қайтарымсыз шығын (қаза тапқандар, із-түзсіз жоғалғандар) 78 мың адамды құраса, 274 мың адам жараланып, контузия алды. Берлин операциясындағы ерліктері үшін қазақстандық 27 адамға Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Ал Берлинді алуда әуе арқылы шабуылға қа­тысқан ұшқыш Т.Бигелдинов бұл атаққа екінші рет ие болды. 38 жерлесіміз І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталып, бұл награданың үш дәрежесінің де толық иегерлері атанды. Түрлі деректер бойынша «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталғандар саны шамамен 1 100 000 адамды құраса, оның біразы қазақстандық болды.

Берлин үшін шайқаста жауынгерлер мен командирлер ерекше ерлік пен батылдық көрсетті. 27 миллион кеңестік және 603 мың қазақстандық адамның өмірін жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс Берлин операциясымен аяқталды.

 

Болат САЙЛАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы 

Соңғы жаңалықтар