• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Табиғат 11 Мамыр, 2025

Науырзымда киік төлдеп жатыр

60 рет
көрсетілді

Жадыда жоқ динозаврлар дәуірінен аман жеткен жапан даланың жұмбақ жануары айналасы бірнеше күннің ішінде жаппай төлдейді.

Бұл күндері ауа райы күрт құбылып, жауын-шашын жиілейді, теріскейден суық жел толассыз соғады. Киіктің аналығы толғағы жеткенде өңмеңнен өтер осы қара суыққа қарсы жүгіре-жүгіре әбден әлі біткенде ғана барып лақтайды екен. Киік төлдеп болғанша киелі жануарды жыртқыштың азуынан Табиғат-Ананың өзі қорғап, қамқорлығына алады. Ел аузында дәл осы күндері түз тағысы қасқыр да иіс сезуден қалып, тәбетінен айырылады деген сөз бар.

9 мамырда таңертең Наурызым ауданына қарасты Өлеңді ауылындағы шаруа қожалығының басшысы Дмитрий Исаев өз алқабының шетінде қалғып кеткен құралайдың басынан сипаған сәтін видеоға түсіріп алған. Қазір аталған ауданда көктемгі егіс жұмыстары жүріп жатыр.

«Сегізінші мамырда ештеңе көрінбеп еді, тоғызы күні егістіктің маңында үйір-үйірімен өріп жүрген киіктерді байқадық. Түнде алқапты таптап тастапты. Енді таң құзынан тұрып жерді қоруға шығамыз, түн ауғанша жүреміз. Биыл екі мың гектарға жуық дән егеміз. Қайдам, еңбегіміз еш кетпесе болды. Төлдеп болған соң бұл маңнан ауып кетуі де мүмкін», дейді шаруа.

Әдетте өңірге құралай салқыны мамыр айының ішінде, бірде айдың басында, бірде ортасында, кейде аяғында келеді. Мысалы, 2015 жылы киелі жануарлар 24 мамырдан бастап төлдей бастаған. Солы жылы киік қырылды. Биыл төлдің басы 9 мамырмен тұспас-тұс келіп отыр.

Қостанай облысы