Оқиға Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылында орын алған. Бірнеше жасөспірімнің екі балаға шабуыл жасауы қоғамда алаңдаушылық тудырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Зардап шеккен оқушының анасының айтуынша, шабуылға кемінде сегіз жасөспірім қатысқан. Олардың бірі — құқық қорғау органының қызметкерінің ұлы.
«Ұлымның денесі түгел көгерген, қан кетіп жатыр, ол қатты психологиялық күйзелісте. Балаларды «егер бұл туралы біреуге айтсаңдар, тағы да ұрамыз» деп қорқытқан. Мен үнсіз қала алмаймын. Ұлым үшін қорқамын, бірақ өзгелердің балалары да зардап шегіп кете ме деп тіптен қатты алаңдаймын», деді жәбірленуші баланың анасы.
Отбасы оқиға бойынша полицияға арыз түсіргенімен, істің әділ тергелетініне күмәнмен қарап отыр. Осыған байланысты ата-аналар Оқу-ағарту министрлігі мен құқық қорғау органдарынан оқиғаны мұқият бақылауға алуды және істің жабулы күйде қалмауын талап етуде.
Атырау облыстық полиция департаментіне жолдаған сауалымызға берілген жауапта қазіргі уақытта күдікті жасөспірімдердің барлығы анықталып, бөлімшеге жеткізілгені айтылған. Олардың кәмелетке толмағандығына байланысты заңды өкілдерінің қатысуымен жауап алу жоспарланған.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, жан-жақты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы анықталу үстінде. Тергеу мүддесіне сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдер ішкі істер органдарының арнайы есебіне алынып, материалдар Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданатын болады», деп жауап берді полиция департаменті.