Шет ауданына қарасты Ақшатау ауылының әкіміне 23 жастағы қызды соққыға жығып, зорлауға оқталды деген айып тағылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қарағанды облысының полиция департаменті болған оқиғаға орай түсініктеме берді. Ведомство ауыл әкіміне қатысты зорлауға оқталу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
– Шет ауданының 23 жастағы тұрғынының арызы негізінде қылмыстық іс қозғалды. Сол күні-ақ күдіктіні полиция ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Сот санкциясымен оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған. Қадағалаушы орган сот алқасына жеке апелляциялық өтініш білдірді. Қарау нәтижесінде өтініш қанағаттандырылып, күдікті қамауға алынатын болды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – делінген хабарламада.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, Нұрлан Сейілбеков қазіргі уақытта қызметінен босатылған.
– Қылмыстық іс қозғалған сәтте ол ауыл әкімі қызметін атқармаған, – дейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.