• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 19:06

Павлодар облысына 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді

20 рет
көрсетілді

Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан Ертіс өзенінің жайылымына 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді. Аталған жұмысты сала министрлігі табиғатты қорғау мақсатында жүргізіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Ертіс өзенінің жайылмалы аумағындағы флора мен фаунаның табиғи өнімділігін сақтау үшін жыл сайын су жіберіліп тұратыны мәлім. Бүгінде өзеннің орта ағысындағы балықтардың уылдырық шашатын табиғи аймақтары су астында қалған. Сондай-ақ су жіберу сол өзеннің арнасын тазалауды да көздейді.

Сала министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Павлодар облысындағы гидробекеттерде су деңгейінің көтерілгені және Ертіс өзенінің жайылымды аумақтарын су басқаны байқалып отыр. Сондай-ақ, облыстың Шідерті өзені жайылымына да табиғатты қорғау мақсатында су жіберіліп жатыр. Бүгінде К.Сәтбаев атындағы каналдан 60 млн текше метрден астам су бағытталды.

Екібастұз қаласы мен Ақтоғай ауданының ауылдық аумағындағы флора мен фаунаны сақтауға, сондай-ақ Әулиекөл көлдер жүйесі, Басентин және Шығанақ көлдерін толтыруға жалпы көлемі 120 млн текше метр су бағыттау жоспарланып отыр.

Бүгінде Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы 9 мың гектардан астам көлтабандар суға толған. Жалпы алғанда 21 мың гектардан астам алқапқа су жіберу жоспарланған. Ал, Шығанақ көліне 10 млн текше метр су келген.

«Табиғатты қорғау мақсатында жіберілетін су тек қоршаған ортаны және өңірдің табиғи байлығын сақтауға көмектесіп қана қоймайды. Бұл ауыл шаруашылығының, мал шаруашылығының және жалпы Павлодар облысы экономикасының дамуына ықпал етеді. Ал бұл жергілікті халықтың тұрмысына оң әсерін тигізеді», деді сала министрі Нұржан Нұржігітов.