«...Артыңнан жау, алдыңнан су шыққанда, Ер жігіттің сыналмағы осындайда» деп атақты Тәтіқара жырау жырға қосқандай, ел басына қиын күн туған кезде ер-азаматтың ерлігі мен адамгершілігі сынға түседі. Сондай тар жол, тайғақ кешу кезеңде өзінің басына өлім құрығы ілінетіндігін анық біле тұра арына дақ түсірмеген азаматтың бірі – Серікқали ЖАҚЫПОВ. «Сәкен Сейфуллинді жау дейтін болсақ, сонда біздің досымыз кім болғаны?» деп, ақиық ақынды ұстаудан бас тартқаны үшін оның өзі де түрмеде шейіт кеткен еді.
Ол кісі туралы алғаш ҰҚК ардагері, генерал Михаил Дәуеновтен естіп-білген едім. «Қостанай» телеарнасында өткен сұхбат барысында Мәкең ағай: «Сталиндік саяси зобалаң жылдарында құрбан болғандардың бірі Серікқали Жақыпов деген азамат. Ол Сәкен Сейфуллинді ұстау туралы «ордерге» қол қоюдан бас тартқан. Сол үшін өзі де НКВД түрмесіне қамалып, тар қапаста шейіт болды» деген болатын. Кейін маған түрлі ақпарат көздерінен осы асыл азамат туралы біраз тарихи деректі кездестірудің де сәті түсті.
Мұрағаттарда сақталған түрлі деректен Серікқали Жақыповтың «1892 жылы Ресейдің Саратов облысы аумағындағы қазақ ауылдарының бірінде дүниеге келгені» белгілі болып отыр. Ол өз қолымен толтырылған ғұмырнамалық құжатында «алдымен ауыл молдасынан мұсылманша хат танығанын» жазған. Осы құжатта «орысша мектепте оқығанын» жазыпты. Бірақ қандай білім ошағында орысша сауатын ашқанын нақтыламаған.
Серікқали Жақыпов мұнан соң жоғары бастауыш училищеде де оқыпты. Кейін мұғалімдер даярлайтын арнайы педагогикалық курсты бітіріп, білімін жетілдірген. Жастайынан шығармашылыққа бейім болып өскен ол «қазақ тіліндегі газеттерді іздеп жүріп оқып, танысқанын» жазады. Сонымен қатар оның өзі де қолына қалам алып, әдебиет әлеміне қадам жасапты. Бұған Серікқали Жақыповтың 1914 жылы «Айқап» журналына Лермонтовтың «Үш пальма» атты дастанын қазақ тіліне аударып бастырғаны нақты дәлел болады. Оның орыс әдебиетімен жақсы таныс болуымен қатар, өзінің бойында да шығармашылық қасиеттің ұшқыны болғанын айқын аңғарамыз. Жастайынан мұсылманша, орысша оқып, жан-жақты білім алған Серікқали отаршыл жүйенің озбыр саясатына қарсы шығып, оған наразылығын жиі танытқан көрінеді. Жазбаларынан сол кезеңде самодержавиеге қарсы «түрлі саяси партиялардың бағдарламаларымен жақсы таныс болғанын» байқау қиын емес. Туған елінің азаттығын аңсаған оның Батыс Қазақстандағы қазақтың көптеген зиялы азаматымен етене жақын қарым-қатынас жасағаны да аңғарылады.
Ақпан төңкерісінен кейін Ресейдегі түрлі саяси оқиғаның бел ортасында жүрген Серікқали Жақыпов Саратов губерниясындағы эсер (социалист-революционер) партиясы мүшелерімен де байланыс жасапты. Солардың ықпалымен 1918 жылдан бастап осы партияның мүшелігіне өткен. Ол: «Менің бұл қадамыма осы партияның бұратана халықтарға, оның ішінде менің туған еліме де саяси-экономикалық жеңілдіктер жасамақ болғандығы басты әсерін тигізді», деп жазған екен.
Ал ақ пен қызыл айқасқан осы қиын кезеңде ауылда төрт түлігін тіршілігіне тірек еткен қазақ ауылдарының «балға мен төстің арасына түскен шегедей» екі жақтан да қатар қыспақта қалғаны белгілі. С.Жақыпов осы аласапыранда Бөкей губерниясындағы қазақ ауылдарын анталаған жаудан қорғаған қарулы жасақты ұйымдастырушылардың бірі болыпты. Ол сол жылдары Орал қаласын қоршаған генерал Толстов басқарған казактарға қарсы айқастарда ерлікпен соғысқан екен. Осы шайқастарда С.Жақыповтың көрсеткен ерен ерлігін кейін қарулас достары өз естеліктерінде сөз етеді.
«Білекті бірді, білімді мыңды жығар» деген халық даналығын көкейіне түйген С.Жақыпов 1919 жылы Мәскеуге оқуға барады. Мәскеу университетінде оқи жүріп, РСФСР Ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариатының қарамағындағы түрлі қоғамдық жұмысты атқаруға да белсене атсалысыпты.
Серікқали 1921 жылдан бастап еліміздің батыс өлкесіне әлек салған атаман Серовтың бандаларын талқандауға да қатысады. Өзіне тапсырылған істі атқаруға жауапкершілікпен қарайтын жас жігіт 1923 жылдан бастап еліміздің батыс өлкесіндегі жергілікті басшылық жұмысына араласады. Сол жылдары Гурьев уездік партия комитетін де басқарыпты. Алайда, жастайынан жанына жақын шығармашылық жұмыстан қол үзіп көрмеген ол сол жылдары Гурьев уезінде шығып тұрған «Трудовая правда» мен «Ерік» газеттерінде қосымша редактор да болып істепті. Қаламы төселген тәжірибелі көсемсөзші бұл басылымдардың жұмысын жақсартуға белсене атсалысқан екен. Оның осы салада атқарған жұмысын билік те жоғары бағалаған. Республика басшыларына Орал губерниялық партия комитетінің жергілікті баспасөздің дамуы туралы 1924 жылы қазанда жолдаған есебінде: «Гурьевтегі «Жұмыскер тілі» газеті қазір аптасына бір рет 600 данамен жарық көруде. Оның редакторы С.Жақыпов», деп жазылған болатын...
Көп ұзамай Қазақ өлкелік партия ұйымының бұйрығымен ол мемлекеттік қауіпсіздік саласына қызмет ауыстырады. 1937 жылдың қыркүйек айында Қазақ КСР НКВД басшылығы «Сәкен Сейфуллинді тұтқындау туралы» шешім қабылдайды. Осы бұйрыққа сәйкес Серікқалиға «С.Сейфуллинді тұтқындауға берілетін рұқсат қағазға (ордерге) қол қою» тапсырылады. «Жаным – арымның садағасы» деген атадан балаға мирас дәстүрді берік ұстанған С.Жақыпов НКВД басшысының бұл бұйрығын «әділетсіз» деп санап, ол құжатты жыртып тастапты. «Басшылықтың халық жауы С.Сейфуллинді ұстау туралы бұйрығын орындаудан бас тартқаны үшін» С.Жақыповтың өзі де 1937 жылдың 24 қыркүйегі күні Сәкен Сейфуллинмен бірге тұтқынға алынған. Сәкенді тұтқындауға саналы түрде қарсы шыққан Серікқали Жақыповтың өзі де 1938 жылғы 9 ақпанда Алматыда, НКВД түрмесінде атылған. Ал оның қылмыстық ісінде: «Айыпталушы Серікқали Жақыпов түрмеде «жүрек талмасынан» қаза болды», деп жазылыпты... Осылайша, арын ажалдан артық санап, халқының атақты азаматын қамауға алудан бас тартқан азаматтың өзі де сталиндік саяси зобалаңның жазықсыз құрбанына айналған еді.
Қабылахат СЕЙДАХМЕТ,
Журналистер одағының мүшесі