• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 14:34

Мақта шаруашылығында 70 мың адам еңбек етіп жүр

20 рет
көрсетілді

Маңызды салалардың бірі мақта шаруашылығы – халықты жұмыспен қамтуға және өңдеу өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосып отыр. Мақта егілетін негізгі алқаптар Түркістан облысында орналасқан, 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымында шамамен 70 мың адам еңбек етеді, деп жазады Egemen.kz.

 

Былтыр 106,4 мың гектарды құраған, гектарына 28,3 центнер өнім алынып, нәтижесінде 301,7 мың тонна мақта шикізаты жиналған. Ал, биыл заманауи технологияларды қолдану есебінен егіс көлемін 135,2 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарда тұр.

Тамшылатып суару технологиясы қолданылатын алқап көлемін 50 мың гектарға дейін ұлғайтып, дәстүрлі тәсілмен егілетін егістік көлемін 19,3 мың гектарға азайту көзделіп отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, мемлекет тарапынан мақта өндірушілерге кешенді қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда: мақта өсірудің толық цикліне субсидия беріледі; минералды тыңайтқыштар құнының 60%-на дейін; пестицидтердің 50%-на дейін; биологиялық агенттер мен биопрепараттардың 40%-на дейін; түпнұсқа және элиталық тұқым сатып алуға 70%-на дейін; мақта тұқымына – 100% көлемде (басқа дақылдар үшін 15–50%); суармалы су жеткізу шығындарын өтеу – технология түріне байланысты 50–85%; сондай-ақ инвестициялық субсидиялар қарастырылған.

Қазақстан жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта шикізатын және 70–75 мың тонна мақта талшығын өндіріп, өнімнің 85%-ы Латвия, Түркия, Ресей, Қытай және өзге елдерге экспортталады. Алайда, қосылған құнды арттыру және сыртқы нарыққа тәуелділікті азайту үшін терең өңдеуді дамыту басты назарға алынып отыр.

Мақта саласын дамыту жөніндегі Жол картасы және мақта-тоқыма кластерін қолдау шеңберінде облыста «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС мен «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қатысуымен ірі инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.

Жобаның жалпы құны – 146,8 млрд теңге, оның шеңберінде 50 мың гектар егістік игеріліп, соның 32 мың гектары биыл тамшылатып суарылатын болады. 4 мыңнан астам жұмыс орны ашу көзделген.