Ақтауда «Сұлтан», «Аққала» және «Мұрагер» көпқабатты тұрғын үй кешендерін салу кезінде аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Қылмыстық істі Маңғыстау облысы бойынша ҚМА департаменті жүргізген. Тергеу барысында белгілі болғандай, «ИнтерьерСтройАктау» ЖШС басшылары құрылыс жүргізуге лицензиясы, рұқсаты мен жобалық-сметалық құжаттамасы болмағанына қарамастан, үлестік қатысу негізінде 590 шарт жасасқан.
Соның нәтижесінде үлескерлерден заңсыз түрде 5,5 миллиард теңгеден астам қаражат тартылған. Құрылыс жұмыстары талапқа сай жүргізілмеген әрі мерзімінде аяқталмаған.
«1,9 млрд теңге көлеміндегі қаражатты жалған құрылыс актілері арқылы қолма-қол ақша ретінде кассадан шығарып, компания басшылығы қалтасына басқан. Тергеу барысында 5 жер телімі мен 47 автокөлікке тыйым салынды. Сот үкімімен компания басшылары 3,5 жылдан 6,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды», делінген хабарламада.
Сондай-ақ, 1,1 миллиард теңге көлеміндегі мүлік зардап шеккен азаматтардың азаматтық талап-арыздарын өтеу үшін мемлекет пайдасына тәркіленген.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМА Алматы облысы бойынша департаменті Қаскелең қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша тергеуді аяқтаған болатын.