• RUB:
    6.32
  • USD:
    510.06
  • EUR:
    566.32
Басты сайтқа өту
Шаруашылық Бүгін, 09:50

Алқапта агродрон көбейді

10 рет
көрсетілді

Биыл облыста күріш себудің ресми іс-шарасы Шиелі ауданынан басталды. Осы жылдың алғашқы дәні себілген семинарға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстанның Еңбек ерлері Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев, шаруашылық өкілдері қатысты.

Егіс алқабында өткен «Дала күні» семинар-кеңесінде тиісті мекемелер мен шаруашылық басшылары саладағы өзекті мәселе­лерді баян етті. Былтыр елімізде диқандарға көктемгі егіс, күзгі жиын-терім жұмыстарына 5 па­йыз­­бен берілетін жеңілдетілген несие көлемі алғаш рет 500 млрд теңгеден асса, биыл бұл қара­жат 700 млрд теңге болыпты. Диқандарға «Кең дала-2» бағдар­ламасы арқылы қолдау көрсетіліп отыр. Несие­нің 85 пайызын «Даму» кәсіпкерлік­ті қолдау қоры, тек 15 пайызын ша­руашылықтар кепілдендіреді.

Алдыңғы жылдары көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қар­жы­ландыруға «Аграрлық несие корпорациясы» небәрі 2-3 млрд теңге бөліп келсе, биыл қаржы көлемі тоғыз есе артып, 18 млрд 500 млн теңгеге жеткен. Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандырудағы ірі инвестициялық жобаларды қар­жыландыруда Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі негізінде жеңіл­детілген несиелендіру бағдар­ламасы жүзеге асырылады.

Тапшылыққа ұрынбау үшін биыл облыста су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемін 9 200 гектарға жеткізіп, былтырғыдан  2 есе арттыру межеленген. Бұл бағытта да мемлекеттік қолдау ша­ра­лары бар. Жабдықтарды сатып алуға және құруға кеткен шы­ғын­ның 80 пайызына дейін мемлекет тарапынан субсидияланады.

Сонымен биыл өңірде 193 700 гектарға ауыл шаруашылығы да­қыл­­дары егіледі, оның 85,9 мың гек­тары – күріштік алқаптар. Майлы және малазықтық дақылдар аумағы да өткен жылға қарағанда 3 400 гектарға артады.

Биылғы тағы бір ерекшелік – жергілікті шаруалар  дән себуде жаңа технологияға ден қойып отыр. Агродрондар тұқыммен қатар тыңайтқышты да тегіс сеуіп, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Осындай жаңалық енгізіп отырған Шиелі ауданындағы «Бидайкөл» шаруа қожалығы 10 гектар аумаққа күрішті көшеттеп егу әдісін де қолға алыпты. Бұл су шығынын 20%-ға, дән себу нормасын 80%-ға үнемдеп, өнімділікті жоғарылатуға сеп болмақ. 

«Өнімді жақсарту бағытында дамыған елдердің технологияларын алып, ыңғайымызға қарай пайдалану мүмкіндігін сынап жатырмыз. Осыған дейін дельтаплан пайдаланып келдік, биіктеу ұшатындықтан оның сепкен дәрісі ауаға ұшып кететін. Ал 2-3 метр биіктегі дроннан себілген дән де, дәрі де ысырап болмайды», дейді шаруашылық төрағасы Талғат Байдалиев.

Биыл облыстың егістік алқапта­рында күріштің 30-дан астам жаңа сорты сынақтан өтеді. Олардың қата­рында Қытай, Түркия және Еуро­па елдерінен әкелініп, алғаш рет жерсіндірілетін тұқым түрлері де бар. 

«Қазір шаруалардың лазерлік тегістегіш техникалардың тиімді­лігіне көздері жетті. Осы күні өңір­де 200-ден астам тегістегіш бар. Биыл 60 мың гектар жер осындай әдіспен тегістеледі. Қытайлық әріп­тестермен жасалған келісім аясында 6 сортты шағын көлемде сынақтан өткіземіз. Еуропадан да, Түркиядан да сорттар алып сынап, келешекте сол сорттардың арасынан тиімдісін алқапқа егеміз», дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

 

Қызылорда