Қарағанды облысында Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің көшпелі отырысы өтті. Бұл жолғы басқосу еліміздің сот әкімшілігін дамытудың өзекті мәселелеріне арналды. Отырысқа Сенат депутаттарымен қатар Жоғарғы Соттың Сот әкімшілігі басшылығы да қатысты, деп жазады Egemen.kz.
Сенат Комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде қоғамның сот төрелігіне қоятын талабы күн сайын артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, сот жүйесінің тұрақты дамуы, оның ашықтығы мен әділеттілігін қамтамасыз ету – құқықтық мемлекеттің негізгі шарттарының бірі.
«Сот әкімшілігі сот төрелігін тікелей жүзеге асырмайды, бірақ оған қажет барлық жағдайды жасайды – кадрдан бастап инфрақұрылымға, цифрлық платформалар мен бейнебайланыс жүйелеріне дейін. Сондықтан бұл құрылым судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуде және сот жүйесінің тұрақты дамуын қолдауда таптырмас тетік болып отыр», деді комитет төрағасы.
Отырыста сөз алған Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахмедзакиров қатысушыларға 2025–2029 жылдарға арналған Сот әкімшілігін дамыту стратегиясының негізгі бағыттары жөнінде баяндап, жаңа міндеттермен таныстырды.
Кездесу барысында қатысушылар соттардың ұйымдастырушылық жұмысын заманауи талаптарға сай жетілдіру жолдарын талқылап, ашықтықты қамтамасыз етуде цифрлық шешімдердің маңызына тоқталды.
Отырыс қорытындысы бойынша Сенат депутаттары сот әкімшілігінің тұрақты дамуын заңнамалық және қаржылық тұрғыда қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Цифрлық трансформация мен сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту бағытындағы жұмыстар – әділетті қоғам құру жолындағы шешуші қадам екені айтылды.