Елімізде жолаушылар тасымалдайтын көліктердің техникалық жағдайы тексеріліп, балаларды тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер мен лагерьлерге бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Маусым айы бойы елімізде «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді. Іс-шара аясында полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейтіп, балалар лагерлері мен жаппай демалыс орындарындағы қауіпсіздік шараларын тексереді. Сонымен қатар түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша рейдтер жалғасады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыруға бағытталған.
«Балалар лагерлері қосымша білім беру нысандары қатарына енгізілді. Олар терроризм тұрғысынан осал нысандар санатына жатқызылды. Әкімдіктер оларды қысқа мерзім ішінде аумақтық тізімдерге енгізуі қажет. Осыған сәйкес, ІІМ лагерь қызметкерлерін тексеріп, балалар тасымалының қауіпсіз болуын қамтамасыз етеді», деді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Қазақстанда балалардың қауіпсіздігіне 1,3 трлн теңге жұмсалады
Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жазғы демалыста балаларға арналған 11 мыңнан аса орталық жұмыс істейтінін мәлімдеген болатын.