• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 14:59

Қазақстан-Армения ынтымақтастығы нығая түседі

30 рет
көрсетілді

Армения Республикасы Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонян ресми сапармен елімізге келіп, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен кездесті. Жоғары мәртебелі мейманды Мәжіліс үйінде қарсы алған спикер бұл сапарды Оңтүстік Кавказдағы сенімді әріптеспен арадағы қарым-қатынасты тереңдетудің айғағы деп бағалады, деп жазады Egemen.kz.

Мәжіліс спикері біздің еліміз Армения басшылығы жүзеге асырып жатқан ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды үлкен қызығушылықпен бақылап отырғанын айтты.

«Былтыр Қазақстан мен Армения арасындағы достық және ынтымақтастық туралы шарттың 25 жылдығын атап өттік. Бұл мерейтойға орай мемлекет басшыларының ресми сапарлар алмасуының символдық мәні зор. Бұл екі маңызды оқиға жаңа геосаяси жағдайлардағы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастыққа қуатты қарқын берді. Онда әріптестігіміздің барлық салаларын қамтитын бірқатар келісімге қол қойылды», деді Ерлан Қошанов.

Тараптар былтыр екі ел арасындағы достық және ынтымақтастық туралы шарттың 25 жылдығы атап өтілгенін, осыған орай мемлекет басшыларының ресми сапарлармен алмасуы мемлекетаралық байланысты жаңа деңгейге көтергенін атап өтті. Сол кездесулер нәтижесінде екіжақты серіктестікті қамтитын маңызды келісімдерге қол қойылған болатын.

Кездесуде парламент төрағалары жоғары деңгейде жасалған келісімдердің заңдық негізін бекіту мәселелерін сөз етті. Сонымен қатар тараптар жаңа экономикалық, мәдени және гуманитарлық жобаларды қолдауға дайын екендерін білдірді. Ерлан Қошанов армян әріптесін елімізде жүріп жатқан реформалармен таныстырып, әлеуметтік әділет, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған заңдар туралы ақпарат берді. Бұл бастамалар Армения тарапынан да қызығушылық тудырып отыр.

Сондай-ақ екі ел депутаттары профильдік комитеттер арқылы заң шығару тәжірибесімен алмасуға уағдаласты.

Ұлттық жиналыс төрағасы Ален Симонян парламентаралық байланыстың маңыздылығына тоқталып, сәуір айында өткен Қазақстан мәдениеті күндерінің Армения жұртшылығы үшін үлкен оқиға болғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты арттыра түседі.

«Армения Қазақстан билігі мен халқының армян диаспорасына деген көзқарасын жоғары бағалайды. Бұл – мемлекеттеріміз бен халықтарымыз арасындағы маңызды дәнекер»,  деді Ален Симонян.

Кездесу соңында тараптар логистика, экономика және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.