• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Денсаулық Кеше

Ташкенттен ем-дом алса да, шипасын Шымкенттен тапты

20 рет
көрсетілді

Әдетте күрделі ауру болса бізде шетелге барып ем қабылдап жатады. Әсіресе еліміздің оңтүстігіндегі халық жақын тұрған Ташкентке барып емделгенді жөн көреді. Алайда жақында Шымкентте керісінше жағдай орын алды. Ауру жанын мазалаған азамат Қазақстаннан тысқары жерде емделгісі келген бірақ та ол жақтардан шипа таппай ақырында өзіміздегі ауруханада емделіп жазылып шыққан.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше жуырда шет елдерде ота жасатып, ем қабылдаған бірақ ешқандай нәтиже көрмеген 33 жастағы науқасқа шаһардағы №1 клиникалық аурухана дәрігерлері қайтадан күрделі операция жасапты. Білікті мамандар науқастың іш қуысындағы үлкен ісікті лимфа тамырларын зақымдамастан хирургиялық жолмен алып тастаған. Соның нәтижесінде науқас өмірге қайта келгендей болды. Өйткені бұл ісік оның денсаулығына өміріне үлкен қатер төндірген еді. Егер оны дер кезінде алып тастамағанда науқастың жағдайы одан сайын қиындап кетер еді. Ол өзін ажалдан арашалап алып қалған «ақ халатты абзал жандарға» үлкен алғыс айтады. Шетел кезіп іздеген емі өз елінде табылғанына қуанышты. Сондықтан ол Қазақстанның отандық медицинасы бүгінгі таңда жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және медицина қызметкерлерінің де біліктілігі жыл санап өсіп келе жатқанын мойындады.   

Науқас 2024 жылы Ташкент қаласында бірінші операциясын жасатқан екен, сосын Үндістанда консервативті ем қабылдаған. Бірақ жоғарыда айтқанымыздай шетелде қанша жерден медициналық көмек алғанымен, науқастың денсаулығы жақсармай, керісінше, ауырлай түскен. Соңында амал жоқ өзіміздегі ауруханаға келіп қайта көрінген.

Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухана дәрігерлері 33 жастағы азаматты толық тексеруден өткізіп іш қуысындағы кеңістікте (забрюшинное пространство) өскен үлкен ісікті анықтаған. Содан кейін науқас шұғыл жағдайда аурухананың хирургия бөліміне жатқызылады. Алдын ала дайындықтан соң хирургтер оған күрделі әрі ауқымды ота жасайды. Операцияның арқасында ісікпен бірге лимфаның да тамырлары тазаланады. Науқастың бүгінгі таңда жағдайы бір қалыпты, бірнеше күннен кейін үйіне шығарсақ деген жоспар бар дейді дәрігерлер.

ШЫМКЕНТ