• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 08:50

Орман қорына қол сұғу тыйылмай тұр

50 рет
көрсетілді

Кейінгі бес жылда Ертіс-Баян өңірінде 2 мың текше метр орман қоры жойылып кеткен. Табиғатқа келтірілген шығын 65 млн теңгеге бағаланып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің Павлодар облысы бойынша департаменті орман қорғау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің сыртқы талдауын жасады. Талдау көрсеткендей, орман қорғау мекемелері қызметінің барлық сатыларында жемқорлық тәуекелдері байқалған. Жағымсыз фактор саладағы ұйымдастырушылық-басқару буынынан бастап ағаш тұтынушылармен байланысқа дейінгі сатыларда анықталған.

– Павлодар облысының ормандары заңсыз кесіліп жатыр. Мұны қолымыздағы статис­тикалық деректер растайды. Былтыр құра­мында «Ертіс орманы» резер­ватының басшылығы болған ұйымдасқан қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды. Қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Бұған қоса, резерваттың Шалдай филиалында жиынтық құны 12 млн теңгеге бағаланатын қарағай тұқымының жетіспеушілігі анықталды. Қазіргі уақытта тұқым резерваттың балансына қайтарылды, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бо­йын­ша департаменті басшысының бірінші орынбасары Әсет Оспанов.

Аймақтағы орман ресурс­тарын қалпына келтіру – маңыз­ды мәселе. Көшет пен тұқым материалдарының тап­шылығы орманды қалпына келтіру жұмыс­тарына қосымша сатып алулар ұйымдастыруды талап етеді. Алайда бюджет шығындарын алдын-ала болжау тендерлерде жемқорлық қаупін арттыра­тыны байқалады. Әсіресе көшеттерді сатып алу барысында бұл құбылыс жиі бой көрсетіп қалады. Бақы­лаудың жеткіліксіздігі қаржының ұрлануына, сатып алу үдерісіндегі айла-шарғыларға қолайлы жағдай тудырып отырғанға ұқсайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қызмет ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы жемқорлық тәуе­келдерін сыртқы талдау қоры­тындысы бойынша 35 ұсыныс енгізген. Оның үшеуі орындалса, өзгесі іске асу кезеңінде.

«Ертіс орманындағы» ағаш ұр­лығы сонау 90-жылдардан бері жалғасып келе жатыр. Тәжіри­белі мамандар алдағы жылдары қа­рағай көшеттерін егу, орман­ды күзету жұмыстарын жүйелі ұйымдастырып, орман шаруа­шылықтарының материалдық-техникалық базасы нығайтыла берсе, көп нәтижеге қол жеткізуге бола­тынын айтады. Алайда мекеме басшылығының жиі ауысуы кейінгі жылдары белгілі бір келеңсіздіктерді тудырып отыр. Бұған дейінгі басшыларының кейбірі заңсыздыққа жол беріп, сотталып кетті. Орман ұрлығы белең алып, көлденең көк аттылар ойларына келгенін жасады. Бұл бейбастақ әрекеттердің кейінгі жылдары азайып келе жатқаны мәлім. Ендігі ретте орман күзетін нығайтып, құқықтық тұрғыдан жауапкершілікті күшейте түсетін арнайы заңдар қабылдануы керек. Орманшылардың мәртебесін көтеріп, еңбекақыларын өсірген абзал. Сонда ынта да, жұмыс көр­сеткіштері де арта түседі.

 

Павлодар облысы