• RUB:
    6.3
  • USD:
    506.21
  • EUR:
    568.42
Басты сайтқа өту
Тұлға Бүгін, 08:45

Өмірі өнермен өрілген

40 рет
көрсетілді

Бастауын бабалар заманынан алатын – ән-күй, би, өлең-жыр сынды басты байлығымыз әлемдік өнер аренасында ұлт ретіндегі орнымызды айқындап, «қазақ» деген халықтың атын әйгілеп келеді. Мәдени мұраны дамыту, насихаттау игілікті іс десек, сол мұраның көркейіп, кең қанат жаюына мәдениет саласы мамандарының сіңірер еңбегі ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2013 жылы 21 мамыр Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Еліміздің мәдениет саласын өрге сүйреп жүрген жандардың еңбегі жанып, Мемлекет басшысы тарапынан бағалануы мәртебелі мамандық иелерінің мерейін үстем еткені анық.

Рухани байлығымызға, ұлттық құндылықта­рымызға ұқыптылық­пен қарап, өнеріміздің өркен­деуіне өзіндік үлесін қосқан жандардың бірі – Жарма же­ріндегі мәдениет саласының майталман маманы Аманжол Төлеубекұлы Дәуітов. Саналы ғұмырын төл өнеріміздің сақ­талуы мен дамуына арнап, дәстүрлі мұрамызды дәріптеп жүр­ген қайраткер азаматтың дара жолы көпке үлгі.

Еңбек жолын комсомол комитетінің хатшысы болып бастаған ол қызметімен қатар алғаш «Армандастар», «Көкбел» ансамблін құрып, тұралап қалған ауылдың мә­дениет саласын аяққа қай­та тұрғызды. Оның бастамасымен ұйымдастырылған ауқым­ды мәдени іс-шаралар дәйім жоғары деңгейде өтті. Ол «Кәусар» ұлт аспаптары оркестрі­нің, «Сұлуым» эстрада тобының, «Айқаракөз» ансамблінің, ардагерлер хо­рының, «Ғасырлар үні» этно­тобының негізін қалады. Сондай-ақ түрлі этнос өкіл­дерінен құралған «Лож­карей», «Семста» өнер ұжым­дары, қобызшылар ансамблі де аудан өнерінің қоржынын қомақты табысымен толтырды. Бір бойы­нан қазақы кеңдік, дарқандық табылатын бай мінез иесі осылайша ұлттарды ұйытып, бірлігі мен берекесін жарастырып, ортақ мақсат жолына жұмылдыра білді. Ол құрған ансамбльдер мен оркестрлер ел сахнасынан көрініп қана қоймай, ұлттық өнерді Ресей, Қытай елдерінде де паш етті. Аманжол Төлеубекұлының шығармашылық тобы 19 аудан мен қала қатысқан облыс­тық көркемөнерпаздар бай­қауында 9 мәрте бас жүлдені қанжығасына байлаған.

Аманжол Төлеубекұлы 1993 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының «Жарма аудандық мәдениет және тілдерді дамыту» мемлекеттік мекемесін басқарды. Өзінің еңбекқорлығы, табандылығы, талапшылдығы әрі әділдігінің арқасында әріп­тестеріне абыройлы, сыйлы басшы бола білді. Аудандық Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, заманауи жабдықтардың, техно­логиялардың және инфра­құры­лымның ойдағыдай болуына баса назар аударды. Ол қызметкерлерінің жемісті жұмыс істеуіне барынша қо­лайлы жағдай жасады. Аталған Мәдениет үйінің өзінде Қа­зақстан Республикасының 12 Мәдениет қайраткері және облыс әкімі сыйлығының 3 лауреа­ты қызмет еткен. Мұның бәрі – Аманжол Төлеубекұлының өнерге деген сүйіспеншілігі мен жанашырлығының, қас талантты жазбай танитын қа­сиетінің, адалдықты алға ұста­ған азаматтығының арқасы.

Аманжол Төлеубекұлының төккен тері, еткен еңбегі еш кетпеді. Ол «Қазақстан Респуб­ликасының мәдениет қайрат­кері», «Жарма ауда­ны­ның құрметті азаматы» атақтарымен қатар, «Ерен еңбегі үшін» ме­далімен, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен мара­патталды. Аудандық «Жыл­дың үздік басшысы және ұйым­дастырушысы» аталымының бірне­ше дүркін жеңімпазы атағын иеленді. Аманжол Төлеу­­бек­ұлының есімі және еңбек жолы «Табысты жандар» энциклопедиясына енді.

Ағамыздың еңбегі өнермен ғана шектелмейді. Ауыл­да, ауданда атқарылатын игі іс­тің талайында Аманжол Тө­леубекұлының ізгі ізі жатады. Бір өзі қан майданда 397 фашистің көзін жойған (кешегі соғыста кеңес әскерлері қатарында мұндай көрсеткішке бірде-бір мерген жете алмаған) атақты мерген Төлеубек Әбді­бековтің жақын туысы болып келетін ол кісі жауынгер атын ардақтауға да белсене аралас­ты. «Төлеуғали Әбдібековтің ерлігі туралы біраз мәлімет Түркістан облысындағы Ақкент ауылындағы музейден табылды. Мұнда жауынгердің майдан даласынан досына жазған хаты мен мақтау қағаздары және бірнеше фотосуреті сақ­таулы. Ерлігі аңыз болған сұр мерген соғыс кезінде үш мәрте «Кеңес Одағының батырына» ұсынылған. Алайда өзінің өмірбаянында ағасының қуғын-сүргін көргенін жасырмай жазғандығы оған батыр атағын беруде кедергі болған», дейді Аманжол Төлеубекұлы. Әділеттілік ел ұраны болып тұрған мына заманда Пре­зидент Қ.К.Тоқаевтың Жар­лығымен Т.Әбдібековке 2022 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілуіне де Аманжол аға сынды ел азаматтары кө­терген бастама қозғау салған еді. Алматы – Омбы кү­ре жо­лының бойына Төлеубек Әбдібековке көрнекті құлпытас қойылуына да, батыр туған бұ­рынғы «Қызыл жұлдыз» ауылының атын қас мергеннің атына өзгертуге де Аманжол Төлеубекұлы бастаған белсенді топтың қосқан үлесі үлкен. Бұл іске Серікқазы Қорабаев, Айгүл Кемелбаева сияқты жерлес әдебиетшілеріміздің еткен еңбегіне де разылығымызды айта кетуді парыз санаймыз.

Жарма ауданының мәдениет саласын 30 жылға жуық жоғары деңгейде басқарған, елдің ыстық ықыласы мен құрметіне ие болып, алқалы жұрттан алғыс арқалаған Аманжол Төлеу­бекұлы бүгінде жетпіс жастың жотасына шығып отыр. Жан жары Үкіжан апай екеуі алтын асықтай Бейбіт есімді ұл, Бақыт пен Балжан деген күміс қасықтай қыздар тәрбиелеп-өсіріп, салиқалы ұрпағының мейірімі мен қамқорлығына бөленіп келеді. Өнегелі өмірі өнермен өрілген тұлғаның тағылымды тағдыры талайға үлгі болары анық.  

 

Гауһар Келденова,

Б.Момышұлы атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі,

Ы.Алтынсарин медалінің иегері

 

Алматы